Қазақстанда екі жерде жұмыс істейтіндер тексеріле бастайды: бұл не деген сөз?

Көркем Алдабергенова 19 қыр. 2025 12:21

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге бір уақытта бірнеше мекемеде толық еңбек етуге тыйым салынды. Бұл туралы еңбек вице-министрі Олжас Анафин мәлімдеді. Бұл мәлімдеме әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, егер қызметкер бір ұйымға толық жұмысқа орналасса, онда басқа жерде ол тек қана қоса атқарушылық негізде еңбек ете алады, бірақ толық мөлшерлемелік шартта емес.

"Бірнеше жерде толық ставкада жұмыс істеуге болмайды. Яғни бір жерде толық ставкада болса, екінші жерде қосымша жұмыс болуы тиіс. Сондықтан мұның барлығы еңбек шарттарын тіркеудің бірыңғай жүйесінде бақыланады", – деп түсіндірді вице-министр.

Анафин министрлік мемлекеттік ұйымдар бойынша бір қызметкердің әртүрлі жұмыс берушілермен толық ставкалық бірнеше еңбек шартына ие болуын болдырмау үшін жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

"Қазір біз мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істеп жатырмыз. Мұндай жағдайлар болмауы тиіс: қызметкерлердің әртүрлі мекемелермен толық ставкалық еңбек шартына отыруы заңға қайшы", – деді ол.

Жақын арада еңбек министрлігі қызметкерлердің қосымша жұмыс істеп жүрген-жүрмегенін тексеруді бастайды.

Қазақстанда бір мезетте екі жерде жұмыс істеуге бола ма?

Ситуациялық жағдайды қарастырайық.

"Біз негізгі жұмысқа екі қызметкерді қабылдадық, мысалы, жалақысы 280 000 теңге. Бір айдан кейін бұл қызметкерлердің тағы бір компанияда жұмыс істейтіні анықталды. Енді біздің компания не істеуі керек? Оларды қоса атқарушылыққа қалай ауыстыруға болады? Және бастапқыда бұл қызметкердің басқа жерде қосымша жұмыс істеп жүргенін қалай анықтауға болады?". 

Жауап:

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 68-бабына сәйкес, жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауы тиіс.

Негізгі жұмыс орны мен қосымша жұмыс орнының жиынтық ұзақтығы Кодекстің 71-бабы 4-тармағында белгіленген күнделікті жұмыс ұзақтығынан 4 сағаттан артық болмауы қажет. Яғни аптасына 60 сағаттан асырылмайды.

Егер қызметкер еңбек шартын жасасу кезінде жалған мәлімет берсе, ал шынайы құжаттар немесе деректер еңбек шартын жасасудан бас тартуға негіз бола алса, онда жұмыс беруші еңбек шартын ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 17-тармақшасына сәйкес бұзуға құқылы. Бұл жағдайда жауапкершілікті қызметкердің өзі көтереді.

Қазіргі таңда қызметкердің басқа компанияда жұмыс істеп жүргенін нақты тексеру мүмкін емес. Жұмыс беруші тек қызметкерден зейнетақы аударымдары бойынша анықтама талап ете алады. Бірақ еңбек шарттарын электронды тіркеуге толық өткеннен кейін ғана бұл функция қолжетімді болады.

Жұмыс беруші аталған қызметкерлермен еңбек қатынасын жалғастырғысы келсе, алдымен олардың қай жұмысы негізгі, қайсысы қосымша жұмысы екенін анықтауы тиіс.

Егер сіздің компаниядағы жұмыс қосымша жұмысы болса, онда:

Қосымша жұмысы бар қызметкер мен негізгі қызметкердің табысына салынатын салық әртүрлі болғандықтан, шатасудың алдын алу үшін қызметкерлермен қолданыстағы еңбек шартын (олардың өтініші немесе тараптардың келісімі бойынша) бұзып, қосымша жұмыс туралы жаңа еңбек шартын жасасу ұсынылады.

Қоса атқарушылық (қосымша жұмыс) – бұл қызметкердің негізгі жұмысынан тыс уақытта басқа да тұрақты ақы төленетін жұмысты еңбек шарты негізінде атқаруы.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 32-бабы 4-тармағына сәйкес, қоса атқарушылыққа еңбек шартын жасасу үшін қызметкер жұмыс берушіге негізгі жұмыс орны, лауазымы, еңбек жағдайы туралы анықтама ұсынуы тиіс.

Еңбек кодексінің 26-бабы 2-тармағының 5-тармақшасында 18 жасқа толмаған қызметкерлерге және ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайы зиянды немесе қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлерге қоса атқарушылықпен жұмыс істеуге жол берілмейтіні көрсетілген (медициналық қызметкерлерден басқа).

Осылайша, қосымша жұмыс бойынша еңбек шартын жасасқанда бұл талаптар ескерілуі тиіс. Еңбек шартында аталған жұмыстың қызметкер үшін қоса атқарушылық екені нақты жазылуы керек.

Ал штат кестесінің нысаны заңнамада нақты реттелмегендіктен, әрбір ұйым оны өз қалауынша рәсімдейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар