Қазақстанда бензиннің сапасы күмән тудырды: министрлік жаппай тексеріс бастады

Қазақстанда бензиннің сапасы күмән тудырды: министрлік жаппай тексеріс бастады
pixabay.com

Сауда және интеграция министрлігі азаматтардың шағымдарына байланысты бензин сапасын тексеруді жалғастырып жатыр. Зерттеу жанармайдың зауыттан бастап жанармай құю станцияларына дейінгі барлық тізбегін қамтиды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрлік мәліметінше, қазіргі уақытта азаматтардан түскен 12 өтініш қаралуда. Оның тоғызы Астанадан, біреуі Павлодардан және екеуі Солтүстік Қазақстан облысынан түскен.

Павлодар облысы бойынша Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің аумақтық департаменті тәуелсіз зертханаға Павлодар мұнай-химия зауытынан тікелей алынған бензиннің арбитраждық сынамаларын тапсырды.

Сонымен қатар Sinoil, QazaqOil және Helios қоспалары бар отын үлгілері де жеке зерттеліп жатыр. Зерттеу нәтижелері бір апта ішінде белгілі болады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, министрлік 17 жанармай құю станциясында бақылау сатып алуын жүргізген. Оның бесеуі Алматыда, бесеуі Алматы облысында, алтауы Абай облысында және біреуі Жамбыл облысында орналасқан. Қазір алынған жанармай үлгілеріне зертханалық сынақ жүргізіліп жатыр.

Министрліктің мәліметінше, тексеру тек бензин өндірілетін зауыттармен шектелмейді. Мамандар отынның тұтынушыға сатылғанға дейінгі барлық кезеңдегі сапасын бағалайды.

«Тексеру аясында сынамалар барлық тізбек бойынша, оның ішінде мұнай базаларында да алынады. Бұл үшін қажетті нормативтік-техникалық құжаттар, мемлекеттік стандарттар және сынақ зертханалары бар», – деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.

Егер бензиннің техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіні анықталса, заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады. Оның ішінде талапқа сай емес жанар-жағармай материалдарын сатуға тыйым салу және айналымнан алып қою қарастырылған.

Министрлік зерттеу жұмыстарының нәтижелері туралы жұртшылыққа қосымша ақпарат беретінін мәлімдеді.