Қазақстанда барланған алтын қоры қазіргі өндіріс көлемінен асады - Шарлапаев

Кәмшат Тілеухан 03 жел. 2024 10:50 370

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында соңғы 30 жылда Қазақстанда темір, марганец, алтын, уран, мұнай және газ қорларының өсуі байқалғанын айтты. Ол Қазақстанның минералдық-шикізат базасына 987 қатты пайдалы қазбалар бар екенін және оларды барлау динамикасы оң көрсеткішке ие екенін атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Алтынның орнын толтыру коэффициенті – 1,2. Бұл алтынның барланған қорының көлемі алтын өндірудің көлемінен көп екенін көрсетеді. Мыс бойынша коэффициент – 0,7. Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушыларымен мыс бойынша перспективалы жер қойнауы учаскелері белсенді түрде барлануда", — деді Қанат Шарлапаев.

Сондай-ақ министр Қазақстандағы жерде сирек кездесетін металдарды геологиялық барлаудың перспективалы учаскелері жайына да тоқталды. Ол сирек кездесетін металдар саласын дамытуға бағытталған жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу аясында 12 учаскеде іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.

"Бүгінгі таңда жерде сирек кездесетін металдар қоры шамамен 800 мың тоннаға бағаланатын Күйректікөл учаскесі учаскесінің болашағы туралы деректер бар", — деді Қанат Шарлапаев.

Сондай-ақ министрліктің мәліметінше, жерде сирек кездесетін металдарды барлауды – Cove Capital және HMS Bergbau сияқты жеке компаниялар жүргізеді.

 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар