Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару және қайта бөлу рәсімі толық электронды форматқа көшіріледі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Үкіметтің мәліметінше, жаңа тетік аясында аграршылар цифрлық жер картасы арқылы бос жатқан және қайта бөлінуге дайын жер телімдерін нақты уақыт режимінде көріп, өтінімдерін онлайн жолдай алады. Сонымен қатар өтінімдердің қаралу барысын әр кезеңде бақылау мүмкіндігі беріледі.
Жаңа жүйеде жер комиссияларының қатысуы алынып тасталады. Үкіметтің мәліметінше, бұл жер телімдерін бөлу процесінің ашықтығын арттырып, адам факторын азайтуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Цифрлық форматқа көшу мемлекеттік қызметтерді электрондық жүйеге көшіру жөніндегі жұмыстың жалғасы болмақ. Бұған дейін жер учаскелеріне мемлекеттік актілерді беру қызметі де толықтай eGov порталы арқылы көрсетіле бастаған.
Үкімет сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады. Бүгінгі күні мемлекетке 13,5 млн гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылған. Оның басым бөлігі қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізіліп, жаңа жер пайдаланушылар арасында бөлінген.
Биліктің пікірінше, цифрлық тетік жер ресурстарын тиімді басқаруға, жерді бөлудің ашықтығын қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы жерлерін игеру тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Еске салайық, соңғы жылдары Қазақстанда жер қатынастарын цифрландыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл бағытта жер учаскелерін рәсімдеу, мемлекеттік қызметтерді онлайн көрсету және бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының ақпараттық жүйесін дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.