Шілде айындағы аптап ыстықтың салдарынан Қазақстанның бірқатар өңірінде цемент-бетон жолдардың тақталары қайтадан көтеріліп, жол жабыны бүліне бастады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Kolesа.kz мәліметінше, мұндай жағдай өткен аптаның соңында Шымкент – Өзбекстан шекарасы бағытындағы республикалық маңызы бар тасжолда тіркелді.
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының мәліметінше, соңғы бірнеше күнде жүргізілген жоспарлы тексерулер кезінде бетон тақталары көтерілген алты учаске анықталған. Ақауларды жою жұмыстарына 50-ден астам жұмысшы мен арнайы техника жұмылдырылып, жолдар қысқа уақыт ішінде қалыпқа келтірілді.
Компания қазіргі уақытта республикалық маңызы бар цемент-бетон жолдардың жағдайы тәулік бойы бақылауда екенін мәлімдеді.