Қарағанды облысы Қазақстанда алғаш рет бұқаралық іс-шаралар кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған қызметтік робот итті пайдаланған өңір атанды, деп хабарлайды dalanews.kz.
17-18 шілде күндері Балқаш және Теміртау қалаларында өткен мерекелік іс-шараларға 115 мыңнан аса адам қатысты. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қарағанды облысы Полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген режимге көшіріліп, қоғамдық тәртіпті күзетуге мыңнан аса полиция қызметкері жұмылдырылды.
Іс-шаралардың басты жаңалығы жасанды интеллект жүйесімен жабдықталған қызметтік робот ит болды. Ол нақты уақыт режимінде полицияның іздеуінде немесе бақылауында жүрген адамдарды бет-бейнесі арқылы автоматты түрде анықтай алады. Бұл құқықбұзушылықтардың алдын алу, күдікті тұлғаларды жедел анықтау және полицияның әрекет ету тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Қызмет барысында робот ит көмегімен төрт құқық бұзушы анықталған. Олардың қатарында алимент төлеуден жалтарып жүрген бір адам, мемлекет алдындағы берешегі бар екі борышкер және сот белгілеген шектеуді бұзып, тұрғын үйінен тыс жерде жүрген, бұрын сотталған адам бар.
"Барлығына қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды", - деді полиция.