Қазақстанда Airbus компаниясының өкілдігі ашылады

Көркем Алдабергенова 31 шіл. 2025 13:51

Қазақстан аумағында танымал авиациялық техника өндіруші Airbus компаниясының ресми өкілдігі ашылатын болды. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте бірінші вице-премьер Роман Скляр мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, Қазақстан Airbus ұшақтары мен тікұшақтарын тұрақты түрде сатып алатын болғандықтан, компанияның сервистік қызмет көрсету орталығын да елімізде ашу қажеттігі туындаған.

«Біз Airbus компаниясынан ұшақтар мен тікұшақтар сатып аламыз. Сондықтан осы әуе көліктеріне қызмет көрсету орталығының Қазақстанда болуы өте маңызды. Шетелден сатып алынған техникаға сервистік қызмет көрсетудің өз елімізде емес, сырт мемлекеттерде жүргізілуі дұрыс емес. Алматыда тікұшақтарды жөндеу бойынша сәтті тәжірибеміз бар. Осы тәжірибені кеңейтіп, Airbus өкілдігін ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Скляр.

Сонымен қатар, бірінші вице-премьер «Қазақстан авиациялық индустриясы» компаниясының қазіргі ауыр қаржылық жағдайына да тоқталды.

«Өкінішке қарай, бұл компания қиын қаржылық жағдайда тұр. Бұған компания басшылығы мен акционерлерінің жауапсыз әрекеттері себеп болды. Қазір бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп атап өтті Скляр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар