"STOP-трафик" жедел алдын алу шарасы аясында кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстарды қоса алғанда, адам саудасының 39 дерегі анықталды. Операция барысында жаңа туған сәбилерді сату, мәжбүрлі еңбек және сексуалдық қанау схемаларының жолы кесілген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алматыда нәресте саудасына қатысы бар топ ұсталды. Жас әйелдерді ақша беру арқылы балаларын үшінші тұлғаларға тапсыруға итермелеген. Бұл деректер бойынша 20-дан астам қылмыстық іс қозғалып, күдіктілерге мүлкін тәркілеумен бірге 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Абай облысында мәжбүрлі еңбекпен айналысқан желі анықталып, 11 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Шымкент, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарындағы түнгі орындарда азаматтарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды әртүрлі қанау түрлеріне тарту дерегі тіркеліп жатыр.
Астанада теміржол вокзалы маңында полиция мен прокуратура бірлескен рейд жүргізіп, жеңгетайлықпен айналысқан 8 адам жауапкершілікке тартылатын болды.
Ақмола облысында отбасылық құндылықтардан бас тартуды және ретсіз қатынастарды насихаттаған діни топтың әрекеті тоқтатылды. Тексеру барысында әдебиеттер мен культтік заттар тәркіленді, тиісті сараптамалар тағайындалды.
Бұған дейін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында «элиталық эскорт» ұйымдастырушыларының әрекеттері әшкереленген. Олар түнгі клубтарда қыздарды арбау арқылы тартқан. Барлық материал сотқа жолданды.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, елорда мен Алматыдағы түнгі мекемелерде жүргізіліп жатқан рейдтер жастарды қылмыстық қанаудан қорғауға бағытталған. Министрлік кешенді профилактикалық жұмыстың жалғасатынын атап өтті.
