Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізілген әкімшілік рақымшылық аясында 681,7 мың азаматқа қатысты 1,3 миллион әкімшілік іс тоқтатылды. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет жүзеге асқан әкімшілік рақымшылық жаңа халықтық Конституцияның алғашқы маңызды практикалық нәтижелерінің бірі болды.
Берік Асыловтың мәліметінше, рақымшылық аясында жалпы сомасы 22,8 млрд теңге болатын айыппұлдар кешірілді. Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 380-нен астам бабын қамтыды. Атап айтқанда, салық, кеден, санитариялық, экологиялық талаптарды бұзу, кәсіпкерлік, сауда және басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша қабылданған шешімдерге қатысты қолданылды.
Бас прокурордың айтуынша, рақымшылық полиция, мемлекеттік кірістер, экология, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және басқа да мемлекеттік органдар анықтаған, әкімшілік қамақ жазасы көзделмеген құқық бұзушылықтарға қатысты жүргізілді.
Сонымен қатар азаматтардан ешқандай өтініш беру талап етілмеген. Рақымшылық толықтай цифрлық форматта іске асырылып, мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының арқасында бір айға жетпейтін мерзімде аяқталған.
«Азаматтар мемлекеттік органдарды аралаған жоқ, құжат жинаған жоқ және бюрократиялық рәсімдерден өтпеді. Әкімшілік істердің тоқтатылғаны туралы олар СМС-хабарлама арқылы ақпарат алды», – деді Бас прокурор.
Берік Асыловтың сөзінше, көптеген отбасы үшін бұл тек айыппұлдан босату ғана емес, сонымен қатар атқарушылық өндірістердің тоқтатылуына, қойылған шектеулердің алынуына және арнайы тұраққа қойылған көліктердің иелеріне қайтарылуына мүмкіндік берді.
Мысал ретінде Жетісу облысының тұрғыны келтірілді. Оның автокөлігі жыл басынан бері төленбеген айыппұлдарға байланысты айып тұрағында тұрған. Әкімшілік рақымшылық туралы заң күшіне енгеннен кейін оған қатысты әкімшілік істер тоқтатылып, көлігі иесіне қайтарылған. Бас прокурордың айтуынша, рақымшылықты жүзеге асыруға прокуратура, ішкі істер органдары, мемлекеттік кірістер органдары, экология қызметі, жергілікті атқарушы органдар және басқа да мемлекеттік мекемелер қатысқан.
Ол рақымшылықты іске асырудағы басты қағидат өзгермегенін атап өтті.
«Рақымшылық жасауға құқығы бар әрбір азамат оны міндетті түрде алуға тиіс, ал заң талаптарына сәйкес келмейтін ешкім бұл мүмкіндікті пайдаланбауы қажет», – деді Берік Асылов.
Бас прокурордың пікірінше, бұл тәжірибе цифрлық технологиялардың мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып қана қоймай, азаматтарды артық бюрократиялық рәсімдерден босатуға мүмкіндік беретінін көрсетті.