Қазақстанда 212 мың шетелдік тұрақты тұрып жатыр — ІІМ

Қаракөз Амантай 22 шіл. 2025 12:55

Қазақстанда тұрақты тұрып жатқан шетел азаматтарының саны 212 мыңға жетті. Бұл туралы 22 шілдеде өткен үкімет отырысында ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, соңғы үш жылда елде тұрақты тұрып жатқан шетелдіктер саны 42%-ға артқан. Ал биылғы жылдың алғашқы алты айында Қазақстанға 7,5 миллион шетелдік кірген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 600 мың адамға артық. Келгендердің 90%-ын ТМД елдерінің азаматтары құрайды.

Қай өңірлерде көп қоныстанған?

  • Алматыда – 42 мың
  • Алматы облысында – 32 мың
  • Астана мен Қарағанды облыстарында – 17 мың

Сонымен қатар 430 мыңнан астам шетел азаматы елде уақытша тұрып жатыр. Олардың басым бөлігі — 360 мыңы — жұмыс істеуге келген. Қалғандары отбасымен қосылу (17 мың), білім алу (8 мың) және өзге мақсаттармен (44 мың) келген.

Көші-қон тәртібі бұзылған жағдайда не болады?

Бауыржан Әленовтың айтуынша, шетелдіктердің 97%-ы заңды сақтайды. Алайда биыл көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 200 мың шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Соның ішінде 10 мың адамға Қазақстанға 5 жылға кіруге тыйым салынды.

Вице-министр қылмыстық құқықбұзушылық жасаған шетел азаматтары да заң аясында жазаланатынын ерекше атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар