Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясының ашылуында сөз сөйледі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясының ашылуында сөз сөйледі. Президент жаңа институттың елдің саяси жүйесінде ерекше орын алатынын айтып, Қазақстандағы реформалар жалғасатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Dala News.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясының ашылуын еліміз үшін аса маңызды тарихи оқиға деп атады. Оның айтуынша, жаңа институт конституциялық мәртебесі бар бірегей орган ретінде мемлекетіміздің саяси жүйесінде айрықша орын алады. Мемлекет басшысы Қазақстан қазір ауқымды өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатқанын атап өтті.
«Еліміздің ең жоғары консультативтік мекемесі – Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясының ашылуы баршаңызға құтты болсын! Бүгін еліміз үшін аса маңызды күн, шын мәнінде тарихи оқиға деп айтуға толық негіз бар. Қазақстан Халық Кеңесі мемлекетіміздің саяси жүйесінде айрықша орын алатын, конституциялық мәртебесі бар бірегей институт болатынына күмәнім жоқ. Қазір Қазақстан ауқымды өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі реформалар іске асырылуда. Алайда реформалар мен өзгерістер осымен өз мәресіне жетті деп мүлдем айтуға болмайды. Бұл жұмыс міндетті түрде жалғасады. Біз билік жүйесін заман талабына сай жаңғырту ісін қолға алдық. Елімізде Халық Кеңесінің құрылуы соның бір айқын дәлелі екені анық», – деді Президент.
Мемлекет басшысы елдегі маңызды саяси үдерістердің осыдан тура бір жыл бұрын басталғанын еске салды. Оның айтуынша, былтырғы халыққа Жолдауында бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтеріліп, бұл ұсыныс қоғамда кеңінен талқыланды. Азаматтар тарапынан мыңдаған ұсыныс пен пікір айтылып, нәтижесінде конституциялық реформа жүзеге асырылды.
«Мемлекет өміріндегі бұл маңызды үдеріс осыдан тура бір жыл бұрын басталды, мұны сіздер жақсы білесіздер. Мен былтырғы халыққа Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтердім. Аталған ұсыныс қоғамымызда қызу әрі кең ауқымда талқыланды. Ел ішінде ашық, шынайы пікірталас болды. Азаматтарымыздың тарапынан мыңдаған ұсыныстар, ой-пікірлер айтылды. Осылайша, талқылаудың соңы кейінгі 30 жылда болмаған мазмұны терең конституциялық реформаға ұласты. Биыл 15 наурызда жалпыұлттық референдум арқылы тұтас елімізді өрлеу дәуіріне бастайтын қастерлі құжатты – Конституциямызды қабылдадық. Бұл маңызды тарихи оқиға халықаралық қауымдастық тарапынан зор ықылас пен қызығушылық туғызды. Өйткені қазіргідей бұлыңғыр, тұрақсыз әлемде жаңа Конституцияның қабылдануы бүкіл дүние жүзі тарихында өте сирек кездесетін жағдай деп айтуға болады. Беделді саясаткерлер мен сарапшылар Қазақстанның бұл қадамын шын мәнінде бірегей саяси оқиға деп бағалап, мұны батылдық пен жасампаздықтың жарқын көрінісі ретінде мойындау қажет екенін бірауыздан айтуда», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Конституциялық реформа нәтижесінде Қазақстанның заң шығарушы органы – Құрылтайдың алғашқы сайлауы өткенін атап өтті. Оның айтуынша, сайлау нәтижесінде бес партия Құрылтай құрамына кіріп, депутаттар 28 тамыздан бастап жұмысқа кіріскен. Сонымен қатар Үкіметтің жаңартылған құрамы жасақталып, вице-президент тағайындалған. Сондай-ақ жаңа мемлекеттік мекеме – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты құрылған.
«Конституция халқымыздың мәңгілік темірқазығы және Әділетті, Озық, Таза Қазақстанның мызғымас арқауы ретінде елімізді жарқын келешекке апаратыны сөзсіз. Конституциялық реформа нәтижесінде біз еліміздің заң шығарушы органы – Құрылтайдың алғашқы сайлауын өткіздік. Шетелдік сарапшылардың пайымдауы бойынша сайлау жоғары деңгейде, мінсіз өтті. Халық қолдаған Құрылтайға бес партия кірді. 28 тамыз күні депутаттар өз жұмысына кірісті. Үкіметтің жаңартылған құрамы жасақталды. Вице-Президент тағайындалды. Жаңа мемлекеттік мекеме – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты құрылды. Міне, бүгін Қазақстан Халық Кеңесі де өз қызметін бастап отыр. Осы тарихи оқиғаның мән-мағынасын ешқашан жадымыздан шығармайық, құрметті отандастар! Түптеп келгенде, бір жылдың ішінде ұлт тағдырына тікелей ықпал ететін аса маңызды оқиғалар болды. Біз аз ғана уақытта тұтас мемлекет пен бүкіл қоғамның сипатын өзгерткен аса ауқымды реформаларды сапалы жүзеге асырдық. Ал қазіргі таңда бұл – өркениетті, жасампаз және ең бастысы біртұтас ұлттың ғана қолынан келетін іс деп ашық түрде айтуға болады», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан кейін азаматтардың жүргізіліп жатқан реформалардың нақты нәтижесін көріп отырғанын айтты. Президент соңғы жеті жылдағы экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштерге тоқталып, жалпы ішкі өнімнің, инвестиция көлемінің, алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің өскенін атап өтті.
«Азаматтарымыз елімізде жүргізілген реформалардың тікелей куәгері болып, сол өзгерістердің нақты нәтижесін көріп отыр. Соңғы 7 жылда жалпы ішкі өнім 29 пайызға артып, 306 миллиард долларға жетті. Алтын-валюта резерві және Ұлттық қор активтерінің көлемі 138 миллиард доллардан асты. Осы кезеңде елімізге 162 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайыздан асты. Қазақстанда жыл сайын 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын-үй бой көтереді. 2019 жылдан бастап, 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынды. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жетті. Сондай-ақ 1200-ден астам денсаулық сақтау нысаны ашылды. Осы уақыт ішінде 35 мың шақырымнан астам автокөлік жолы салынып, жөнделді. Мұның бәрін тарихымыздағы ең жоғары көрсеткіш деуге болады. Белсенді жұмыстың нәтижесінде Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті 40 елінің қатарына енді», – деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан Халық Кеңесін құру идеясын көптен бері ойластырғанын айтты. Оның сөзінше, жаңа институт елдегі түйткілдерді ашық талқылап, азаматтардың ұсыныстары мен пікірлерін саралап, нақты шешімдер ұсынуы керек. Тоқаев Кеңестің атауын Конституциялық реформа жөніндегі комиссияға өзі ұсынғанын жеткізді.
«Мен елдегі түйткілдерді ашық талқылайтын, жұрттың ұсыныс-пікірлерін сараптап, нақты шешімдер ұсынатын арнайы институт құруды көптен бері жоспарлап жүрдім. Оның құрылымы, атқаратын жұмысы жөнінде ұзақ ойландым. Кеңестің атауын Конституциялық реформа жөніндегі комиссияға өзім ұсындым. «Қазақстан Халық Кеңесі» деген атау жаңа институттың жалпыұлттық сипатын көрсетеді. Конституцияға сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі бұл – халық. Сондықтан жұртшылықтың мүддесін қорғайтын бірегей органның атауында «Халық» сөзінің тұруы – өте қисынды, орынды, себебі, бұл – заңдылық. Бұған қоса, «Қазақстан Халық Кеңесі» атауы – Конституцияда бекітілген бірыңғай әрі ресми нұсқа. Бұл жаңа органның мәртебесі биік, жауапкершілігі жоғары екенін айшықтайды. Бұған дейін елдік істерге қатысты маңызды міндеттерді Қазақстан халқы Ассамблеясы, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, Ұлттық Құрылтай және басқа да консультативтік-кеңесші органдар атқарып келді. Бұл институттар өздеріне жүктелген тарихи миссияны толығымен орындады. Қазақстан халқы Ассамблеясы ел бірлігін нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Қазақстанды бейбітшіліктің, өзара сенім мен келісімнің ошағы ретінде жер жүзіне танытуға ықпал етті. Қоғамдық сенім кеңесі сындарлы диалог арқылы жаңа саяси мәдениетті орнықтыруға атсалысты. Ал Ұлттық құрылтайдың мүшелері осы жалпыұлттық диалогті одан әрі тереңдете түсті. Бұл құрылым аясында практикалық тұрғыдан құнды бастамалар көтерілді. Соның арқасында 26 заң қабылданды, тағы 10 заң жобасы Құрылтайда қаралады. Мен осы сәтті пайдалана отырып, мемлекеттік маңызы бар істерге белсене араласқан, отаншыл болудың озық үлгісін көрсеткен әрбір азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев қазіргі кезеңде қоғам мен мемлекеттің алдында жаңа міндеттер тұрғанын айтты. Президент уақыттың бір орында тұрмайтынын, соған байланысты заманның тұрпаты мен талабы да өзгеретінін атап өтті. Оның айтуынша, өркениетті ел болу үшін Қазақстан жаһандық көштен қалмай, бәсекеге қабілетті болуы қажет.
«Дегенмен уақыт бір орында тұрмайды, бұл – өмірдің заңы. Сондықтан, заманның тұрпаты да, талабы да өзгеріп отырады. Өркениетті ел болу – жаһан көшінен қалмай, үнемі бәсекеге қабілетті болу деген сөз. Біз ұлттық сана-сезімге серпіліс беріп, жұртымызды ортақ мүддеге жұмылдыру үшін қоғамдық диалогті одан әрі дамыта түсуіміз қажет. Қазақстан Халық Кеңесін құрудағы басты мақсатымыз да – осы. Ел тарихында алғаш рет қоғам мүддесі жолында еңбек етіп жүрген түрлі топтағы адамдар бір құрылым аясында бірікті. Мұны «Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» тұжырымдамасының іс жүзіндегі нақты көрінісі деп айтуға болады. Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы жалпыұлттық бірлігіміздің анағұрлым нығайып, институционалдық сипатқа ие болғанын көрсетті. Осылайша, Қазақстан Халық Кеңесінде ел ынтымағын күшейте түсетін тиімді, алдын ала мұқият зерттелген бастамалар жүзеге асырылады. Осы орайда, Қазақстан Халық Кеңесінің конституциялық мәртебесіне тағы да назар аударғым келеді. Бұл қадам орасан зор мүмкіндіктерге жол ашады», – деді Президент.