Қазақстан Халық Кеңесі қандай міндеттерді атқарады?

Қазақстан Халық Кеңесі қандай міндеттерді атқарады?
Aqorda

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында жаңа институттың алдында тұрған бірқатар міндетке тоқталды. Президент Конституцияны халыққа түсіндіру, этносаралық келісімді нығайту, мемлекеттік тілді дамыту, қоғамдық бақылауды күшейту, өңірлердің мәселесін көтеру және кадр даярлау мәселелерін атады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Президент елдің алдына қойылған мақсаттарды жүзеге асыру үшін қоғамның бірлігін бекемдеп, белсенді әрі табанды жұмыс жүргізу қажет екенін айтты. Оның сөзінше, Конституцияны халық арасында түсіндіру мен дәріптеу жұмысына үстірт қарауға болмайды.

«Біздің биік мақсаттарымыз, нақты жоспарларымыз бар. Оның бәрін табысты жүзеге асыру үшін бірлігімізді бекемдеп, белсенді, табанды жұмыс жүргізуіміз керек. Халық арасында Конституцияны түсіндіру, дәріптеу ісі бұл – өте жауапты жұмыс, оған үстірт қарауға болмайды. Осы саяси жұмысқа ілімі терең, тәжірибесі мол адамдарды шақыру керек, яғни заңгерлер, ғалымдар, мұғалімдер, еріктілер, кәсіпкерлер, ардагерлер мен мемлекет қайраткерлерін тарту керек болады. Ал Президент Әкімшілігінің міндеті – бұл жұмыстың кешенді және жүйелі тұғырын қалыптастыру. Аталған міндетті жүзеге асыруды Вице-Президент Ерлан Тынымбайұлы Қаринге тапсырамын. Жұмыстың барысы туралы екі аптада бір рет Президентке тіке баяндайды. Енді алдымызда тұрған нақты міндеттерге тоқталып өтейін», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқының бірлігін нығайтуды Халық Кеңесінің маңызды бағыттарының бірі ретінде атады. Оның айтуынша, жаңа институт Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық Құрылтайдың дәстүрі мен үздік тәжірибесін жалғастыруы қажет.

«Қазақстан халқының бірлігін нығайту – өте маңызды мәселе. Сондықтан Қазақстан Халық Кеңесі сабақтастықты сақтап, Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың дәстүрі мен үздік тәжірибесін жалғастыруы қажет. Бұл ретте бүкіл жұмыстың сапасын жаңа саяси және ұйымдастыру деңгейіне көтерген жөн. Қабылданған шешімдер мен жүргізіліп жатқан реформалардың салдары этномәдени бірлестіктерге қалай әсер етеді деген орынды сауал, тіпті алаңдаушылық туындағанын білемін. Қазақстан халқы ассамблеясы, шын мәнінде, өз жұмысын аяқтады. Бірақ бұл ұйым аясында қалыптасқан пайдалы институционалдық инфрақұрылым керексіз болып қалады дегенді білдірмейді. Сіздерге турасын айтайын: Қазақстан халқы ассамблеясының бірегей тәжірибесі ешқашан тарих қойнауына кетпейді, керісінше, Халық Кеңесінің жұмысында қолданылады. Жаһанды тұрақсыздық жайлап, дүрбелеңге толы кезеңге тап болдық. Алпауыт мемлекеттердің арасындағы сенімге селкеу түсті. Осындай жағдайда Қазақстандағы уақыт тезінен өткен этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлік үлгісі алдағы уақытта да еліміздің қарқынды, орнықты дамуына берік негіз болады. Біз этномәдени орталықтарға, театрларға, бұқаралық ақпарат құралдарына барынша қолдау көрсетеміз. Бұл – мемлекеттің конституциялық міндеті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ортақ мәдени мұраны сақтау мен дәріптеудің маңызын да атап өтті. Оның айтуынша, тарихи ескерткіштер мен музейлерді жаңғырту жұмысына қоғамның, соның ішінде ауқатты азаматтардың да атсалысуы маңызды. Мемлекет басшысы Семейдегі Федор Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейінде реконструкция жұмыстары басталғанын жеткізді.

«Менің ойымша, ортақ мәдени мұрамызды көздің қарашығындай сақтау, дәріптеу айрықша маңызға ие. Мұндай бай мұраға мемлекеттік шекара бөгет болмауға тиіс. Семейдегі Федор Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейінде күрделі реконструкция басталды. Бұл жұмыс толықтай демеуші қаражаты есебінен атқарылады. Алдағы уақытта еліміздегі басқа да тарихи ескерткіштер мен музейлерді ретке келтіруіміз керек. Қазақстанның ауқатты азаматтары аталған ізгі бастамаға белсенді атсалысады деп ойлаймын. Медиация институтына қолдау көрсету қажет. Өйткені бұл – кез келген кикілжіңнің алдын алып, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтатын әмбебап әрі пәрменді тетік. Сонымен қатар алдымызда жастардың және спорт ұйымдарының, еріктілер желісінің, қайырымдылық қорларының жұмысына, Аналар мен Ақсақалдар кеңесінің қызметіне тың серпін беру міндеті тұр. Бірнеше жыл бұрын елімізді бұрын-соңды болмаған су тасқыны әбігерге салды. Сол кезде этномәдени бірлестіктердің өкілдері зардап шеккен аймақтарға үлкен көмек көрсетті – қалпына келтіру жұмыстарына атсалысып, қиын жағдайға тап болған адамдарды жұбатты. Мемлекет шын ниетпен жасалған бұл еңбекті бағалайды, халқымыз жақсылықты ешқашан ұмытпайды. Елдің ынтымақ-бірлігі, жасампаз отаншылдығы жарқырай көрінген осы мысал келесі ұрпақ ғибрат алатын бейне және фотоқұжаттарда сақталып қалуға тиіс. Жанкештілік пен жанашырлықтың үлгісін көрсеткен мұндай сәттер аз емес. Сондықтан жаңартылған саяси жүйеде Қазақстан халқы ассамблеясының тарихи рөлі еш кемімейді, керісінше, күшейе түседі», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Тоқаев этномәдени бірлестіктер өкілдерінің Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына енгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясының бес мүшесі Сенатқа квота арқылы өтсе, енді Халық Кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктердің 42 өкілі кірген.

«Этномәдени бірлестіктердің өкілдері жоғары конституциялық мәртебеге ие болған Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына да енді. Бұрын парламент квотасына сай Сенатқа Қазақстан халқы ассамблеясының 5 мүшесі ғана өтетін. Ал енді Халық Кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктердің 42 өкілі кірді. Яғни олар Кеңес мүшелерінің үштен бірін құрайды. Еліміздің орнықты әрі табысты дамуы тұрғысынан ҚХА миссиясының маңызды екеніне осы айқын дәлел. Қазіргі міндетіміз – өнімді жұмыс істеу. Ең алдымен, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту тәсілдерін жоғалтпай, оны одан әрі жалғастырып әкеткен жөн. Халық Кеңесі бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымы әзірленетін орталық бола алады. Басқаша айтқанда, Халық Кеңесі этномәдени бірлестіктер мен осы салада қызмет ететін басқа да қоғамдық ұйымдарды бір мақсатқа біріктіруі керек. Өңірлік деңгейде Достық үйлерінің жанынан ашылған «Қоғамдық келісім» желісі жұмысын жалғастырады. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері жергілікті қоғамдық кеңестердің құрамына кіріп, Қазақстан Халық Кеңесіндегі тұрақты комитеттердің, салалық комиссиялардың және консультативтік-кеңес органдарының жұмысына қатыса алады. Алайда жаңа мүмкіндіктер айрықша жауапкершілік жүктейтінін де ескерген жөн. Дұрыс шешімді талап ететін түйткілдер шаш етектен», – деді Президент.

Мемлекет басшысы мемлекеттік тілдің қоғамды біріктірудегі рөліне де тоқталды. Оның айтуынша, қазақ тілінің әкімшілік немесе саяси мәжбүрлеусіз кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналуы маңызды үрдіс.

«Осыған дейін бірнеше мәрте айтқанмын: ұлтты ұйыстырып, мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл. Бұрын болжаммен, долбармен ғана айтылатын жағдай қазір шындыққа айналды. Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды. Әсіресе, жастарымыздың қазақ тілінде еркін, сауатты сөйлейтіні қуантады. Ана тіліміз мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие, ұлттық мәдениетімізді, болмысымызды шырайлы да шұрайлы туған тіліміз арқылы көрсетеміз. Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды. Мұның бәрі – толеранттық пен сенімге негізделген ортақ жұмыстың нәтижесі. Алайда бұл басқа тілдерден бас тарту керек дегенді білдірмейді, әрі оларды шеттетуге құқық бермейді. Өздеріңізге мәлім, Конституцияда тіліне, тегіне, ұлтына, дiни көзқарасы мен нанымына немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсітуге тыйым салынған. Соған қарамастан ара-тұра кейбір тісқаққан арандатушылар әлеуметтік желіде ұлтараздықты қоздырып, әдейі отқа май құяды. Мына нәрсені түсінген жөн. Олардың көздегені біреу – қоғамды әлсіретіп, Қазақстанның Егемендігіне нұқсан келтіру, елді бірліктен айырып, бейбіт, алаңсыз өміріміздің астаң-кестеңін шығару. Расында олар балаларымыз бен немерелеріміздің бақытты болашағының тамырына балта шапқысы келеді. Сондықтан құқық қорғау органдары мен тұтас қоғам бұған табанды түрде қарсы тұруы керек. Конституцияда бекітілген «Заң мен тәртіп» қағидатына сай әрекет етуіміз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент тілге қатысты ұстанымын жалғастыра отырып, кез келген тілге құрметпен қарау қажеттігін айтты. Сонымен бірге қазақ тілі мен мәдениетін насихаттап жүрген түрлі этнос өкілдерінің еңбегін атап өтті.

«Тіл – Жаратқанның адам баласына берген ең үлкен игілігі, теңдессіз сыйы. Қандай да бір тілге қарсы күрес жүргізу – Жаратқанға, оның нығметіне қарсы шығу. Сірә, бұдан асқан ақымақтық болмас. Сондықтан тіл (қандай тіл болса да) бірлік пен өркениеттің өлшемі болуға тиіс. Бүгінгі таңда түрлі ұлттың жастары қазақ тілі мен мәдениетін кеңінен насихаттап жүр. Бұған қалай қуанбайсың? Олар, шын мәнінде, рухани дүниесі бай, бойында талант тұнған жандар. Достыққа дәнекер болған осындай адамдар қашанда жоғары құрмет пен қолдауға лайық. Мемлекет те оларды елеусіз қалдырмайды. Өйткені қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, әлемдік үдерістердің өркениетті, табысты қатысушысы ретінде мемлекетіміздің абырой-беделін асқақтатуға осындай азаматтардың қосар үлесі зор. Бірнеше жыл бұрын менің тапсырмаммен арнайы «Ел бірлігі» ордені тағайындалды. Бұл – ұлт тұтастығын нығайтып, қоғамдық келісімді қамтамасыз ету жолында жемісті еңбек еткен жандарға берілетін бәсі биік, айрықша марапат. Конституциялық мәртебеге ие және халық атынан өкілдік ететін ұйым ретінде осы жоғары наградаға лайықты үміткерлерді Қазақстан Халық Кеңесі ұсынғаны дұрыс әрі әділетті деп есептеймін», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев Қазақстанның тарихи тұрғыдан түрлі өркениеттер мен мәдениеттер тоғысқан мекен болғанын айтты. Президент этномәдени бірлестіктерді осы тарихи сабақтастықтың қазіргі кезеңдегі жалғасы ретінде атады.

«Бағзы замандардан бері Ұлы даламыз өркениеттер тоғысынан қуат алып, барша ұлттың салт-дәстүріне, діні мен мәдениетіне құрметпен қарайтын ашық әрі ынтымағы жарасымды мекен ретінде тарихтың талай асуынан өтті. Дүниедегі жақсы атаулыны жатсынбай, сіңіре білген ата-бабамыз Ұлы Жібек жолын мәдениеттер бір-бірімен біте қайнасып, жаңа білім, озық құндылықтар мен сол заманның үздік технологияларын алмасатын кеңістікке айналдырды. Шығыспен де, Батыспен де тығыз байланыс орнатудың арқасында халқымыздың ерекше менталитеті қалыптасты. Біздің қазіргі тарихымыз – осыған айқын дәлел. Этномәдени бірлестіктер кәдімгі «достық керуені» іспеттес. Олар игі мақсатқа жету жолында сапарын үзбейді. Міндетіміз – ынтымақ-бірлікті нығайтып, шынайы достық пен толеранттылықты келесі ұрпаққа аманаттап қалдыру», – деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы Халық Кеңесінің тағы бір маңызды міндеті өңірлермен тығыз байланыс орнатып, олардың мүддесін қорғау екенін айтты. Оның мәліметінше, Кеңес құрамының үштен бір бөлігі аймақтардан келген өкілдерден тұрады. Олардың арасында мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері бар.

«Халық Кеңесінің тағы бір маңызды міндеті – аймақтармен тығыз байланыс орнатып, олардың мүддесін қорғау. Өздеріңізге мәлім, Кеңестің үштен бір бөлігі – аймақтан келген өкілдер. Олардың қатарында мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері бар. Бұл – жергілікті жердегі мәселелер республикалық деңгейде көтеріледі деген сөз. Қоғамда «Сенат жұмысын тоқтатқан соң өңірлердің мүддесі ескерусіз қала ма?» деген сұрақ болуы мүмкін. Тіпті болған деп айтсақ та, қате емес. Бірақ, алаңдауға ешқандай негіз жоқ. Аймақтардың үні бұдан былай Құрылтай мен Халық Кеңесі арқылы мемлекеттік органдарға жететін болады. Ауылда, ауданда, облыста нақты ісімен халықтың ықыласына, құрметіне ие болған азаматтар аз емес. Халық Кеңесі осындай мықты тұлғаларды елге танытып, олардың қабілетін одан әрі шыңдауға мүмкіндік беретін мекеме болмақ. Мен бұған кәміл сенемін. Мәслихаттар Парламентпен тығыз байланыста жұмыс істейді. Олар аймақтағы мәселелерді орталыққа жеткізіп, заңдарды жетілдіруге қатысты өз ұсыныстарын тұрақты түрде беріп отырады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қоғамдық кеңестердің де мүмкіндігін тиімді пайдалану қажеттігін айтты. Осы бағытта заңнаманы жетілдіру, қоғамдық кеңестердің кәсіби әлеуетін арттыру және олармен тұрақты байланыс орнату міндеті қойылды.

«Бірақ қоғамдық кеңестерде мұндай байланыс та, тәжірибе де болмаған. Сондықтан біз алғаш рет Халық Кеңесі арқылы осы жұмысты қолға аламыз. Елдік мәселелер талқыланған кезде қоғамдық кеңестердің мүмкіндіктерін толық пайдалану қажет. Осы орайда қоғамдық кеңестер туралы заңнаманы жетілдіру керек. Халық Кеңесі қоғамдық кеңестермен тұрақты байланысты жолға қойып, оларға арналған жан-жақты қолдау шараларын қарастыруы қажет. Үкіметке Қазақстан Халық Кеңесімен бірлесіп, мұндай құрылымдардың кәсіби әлеуетін арттыру жолдарын пысықтауды тапсырамын. Тағы бір маңызды мәселе – қоғамдық бақылауды жүзеге асыру. Бұл – Кеңес қызметінің негізгі бағытының бірі. Дегенмен қазір елімізде қоғамдық бақылауды жүргізудің бірыңғай және нақты тәртібі немесе біртұтас жүйесі жоқ. Бұл жұмысты бағалаудың ортақ өлшемдері де әзірленбеген. Халық Кеңесі қоғамдық бақылау саласын жүйелеп, оны ретке келтіруге атсалысуы керек. Бұл жұмысқа тәуелсіз сарапшылар мен кәсіби мамандарды көбірек тартқан жөн», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев өңірлерді дамыту мәселесіне де назар аударды. Президент соңғы жылдары аймақтарда тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен жолдар салынып жатқанын айтып, құрылыс сапасына қатаң бақылау қажет екенін жеткізді.

«Мемлекет аймақтарды дамытуға тұрақты түрде баса мән береді. Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі. Соңғы жылдары осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. Еліміздің әр аймағында тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, жолдар қарқынды салынып жатыр. Қазақстан тұтастай үлкен құрылыс алаңына айналып келеді. Мұны бәріңіз де көріп-біліп жүрсіздер. Ең бастысы, барлық құрылысты сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру өте маңызды. Кейде жаңадан салынған кейбір нысандардың сапасы сын көтермейді, тіпті, қоғам талқысына түсіп жатады.Осындай салғырт жасалған жұмыстың кесірі қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы да мүмкін. Бұл тұрғыдан алғанда, жол саласындағы ахуал да мәз емес. Мысалы, «Талдықорған – Өскемен» күре жолының ашылғанына көп уақыт өтпесе де, тоза бастаған. Сондықтан, жол сапасын бағалау жүйесін қайта қарау керек. Құрылыс жұмысын басынан аяғына дейін қатаң қадағалау қажет. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің қызметін күшейту керек. Жалпы, осы салаға түбегейлі реформа жасаған жөн. Қоғамдық бақылауды күшейту қажет», – деді Президент.

Мемлекет басшысы инфрақұрылымды жаңғырту барысында жаңа жұмыс орындары ашылатынын айтып, алдағы жылдардағы кадр қажеттілігіне тоқталды. Оның болжамынша, 2035 жылға дейін Қазақстанға 2,9 млн маман қажет болады. Оның ішінде 1,8 млн жұмысшы маманға сұраныс бар.

«Инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту аясында ондаған мың жаңа жұмыс орны ашылады. Болжам бойынша 2035 жылға дейін елімізге 2,9 миллион маман, соның ішінде 1,8 миллион жұмысшы маман қажет. Кадр тапшылығы, әсіресе, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және ІТ саласында байқалмақ. Қазіргі уақытта еліміздегі 763 колледжде 500 мыңнан аса студент оқиды. Ерте бастан кәсіптік бағдарлауға және дуальді оқытуға ерекше назар аударылып отыр. Қажетті машықтарды меңгерген, алайда салалық дипломы жоқ адамдар кәсіби біліктілікті тануға арналған 22 орталықта өз құзыретін растай алады. Астанада жүзеге асырылып жатқан «Joltap» жобасын айрықша атап өткім келеді. Бұл – бизнестің тікелей қатысуымен жұмысшы және цифрлық сала мамандарын, атап айтқанда, тігінші мен дәнекерлеушіден бастап веб-әзірлеуші мен дизайнерге дейін даярлайтын қысқа мерзімді оқыту моделі. Үш жыл ішінде 22 мыңнан аса адам білім алып, 60 пайызы жұмысқа орналасты, екі мыңға жуық жан жеке кәсібін ашты. Осы табысты тәжірибені барлық өңірге тарату қажет. Әр азаматтың өмірде өз орнын тауып, отбасын адал еңбекпен асырауына және Отанына пайдасын тигізуге жағдай жасау – ортақ міндетіміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.