Әлеуметтік желілер мен бірқатар ақпараттық ресурстарда соңғы күндері «Қазақстан халқының 49%-ы атеист» деген мәлімет кеңінен таралып жатыр. Бұл көрсеткіш әлем елдеріндегі атеистер үлесін жариялаған World Population Review платформасындағы рейтингтен алынған. Онда Қазақстан атеистер үлесі жоғары елдердің қатарына енгізілген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алайда бұл көрсеткіштің қаншалықты шынайы екені жөнінде сұрақ көп.
Мәселен, рейтингтің өзінде деректердің әртүрлі зерттеулерден жинақталғаны көрсетілген. Платформа мәліметтері World Values Survey және WIN/Gallup International сауалнамаларына негізделген. Яғни бұл Қазақстанда арнайы жүргізілген соңғы ресми зерттеу емес, әр кезеңдегі халықаралық сауалнамалардың нәтижелерін біріктірген жинақталған көрсеткіш.
Бұдан бөлек, рейтингте жарияланған сандардың өзінде сәйкессіздіктер байқалады. Мысалы, World Population Review кестесінде Қазақстан бойынша атеистер үлесі 49% деп көрсетілсе, басқа халықаралық және мемлекеттік зерттеулерде бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен.
Қазақстан жөніндегі халықаралық діни еркіндік туралы есепте 2019 жылғы зерттеу нәтижесіне сәйкес, өзін дінсіз немесе атеист санайтын азаматтардың үлесі 18,7% болғаны айтылады. Ал 2021 жылғы халық санағында тұрғындардың 2,3%-ы өзін сенбейтіндер қатарына жатқызған, тағы 11%-ы діни көзқарасына қатысты сұраққа жауап беруден бас тартқан. Сонымен қатар сол есепте 92,8% азамат өзін діндар адам ретінде таныстырғаны көрсетілген.
Сарапшылар мұндай айырмашылықтардың бірнеше себебі бар екенін айтады. Ең алдымен, «атеист», «дінсіз», «діни сенімі жоқ адам» және «ешқандай дінге жатпайтын адам» ұғымдары әртүрлі зерттеулерде бірдей түсіндірілмейді. Кей сауалнамаларда адам өзін нақты атеист деп санамаса да, белгілі бір дінге қатысы жоқ екенін айтса, ол «дінсіздер» санатына енгізілуі мүмкін. Ал басқа зерттеулерде тек Құдайдың бар екеніне сенбейтіндер ғана атеист ретінде есептеледі.
Сондай-ақ халықаралық сауалнамалар әдетте шамамен мыңға жуық респондент арасында жүргізіледі. Мұндай зерттеулер жалпы үрдісті көрсетуі мүмкін болғанымен, оларды бүкіл халықтың нақты діни көзқарасын дәл бейнелейтін абсолютті көрсеткіш ретінде қабылдау дұрыс емес.
Осыған байланысты «Қазақстан халқының 49%-ы атеист» деген мәліметті түпкілікті факт ретінде емес, халықаралық рейтингтерде қолданылған әдістемеге негізделген шартты көрсеткіш ретінде қарастырған жөн. Өйткені Қазақстандағы ресми және тәуелсіз зерттеулердің басым бөлігі ел тұрғындарының көпшілігі өзін белгілі бір дінмен байланыстыратынын көрсетеді.
Сондықтан әлеуметтік желілерде тараған «қазақстандықтардың жартысына жуығы атеист» деген тұжырым қоғамдағы діни ахуалды толық әрі дәл сипаттайды деу қиын. Бұл көрсеткіштің артында әдіснамалық ерекшеліктер, ұғымдардың әртүрлі түсіндірілуі және әр кезеңде жүргізілген сауалнамалардың нәтижелері жатыр.