Шетелдіктер Қазақстанға кіру үшін енді ақы төлейді

Шетелдіктер Қазақстанға кіру үшін енді ақы төлейді
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстанға келетін шетел азаматтары үшін енгізілетін электронды кіру рұқсатының (QazETA) болжамды құны белгілі болды. Oninvest басылымының хабарлауынша, Сербия Сыртқы істер министрлігі өз азаматтарына Қазақстанға кіру үшін ақы төлеу қажеттігі туралы ескерту жариялаған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәліметке сәйкес, егер өтініш шекарадан өтуге дейін кемінде 72 сағат бұрын электронды түрде берілсе, рұқсат құны шамамен 3,9 мың теңге (8 еуро) болады. Ал құжат тікелей шекарада рәсімделсе, төлем көлемі 7,6 мың теңгеге (16 еуро) дейін жетуі мүмкін.

25 тамыздан бастап Қазақстанда «Халықтың көші-қоны туралы» заңның жаңа редакциясы күшіне енді. Құжатқа сәйкес, шетел азаматтарына, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің тұрғындарына да Қазақстанға кіру үшін QazETA электронды рұқсатын алу қажет болады.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі жаңа жүйе 2026 жылдың тамызы мен желтоқсаны аралығында кезең-кезеңімен енгізілетінін хабарлаған болатын. Алайда әзірге қандай елдердің азаматтарына бұл талап міндетті болатыны және рұқсат құны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Жаңа тәртіптің алғашқы кезеңі 25 тамыз бен 1 қараша аралығында сынақ режимінде жұмыс істейді. Осы кезеңде QazETA болмаған жағдайда шетел азаматтарына Қазақстанға кіруге тыйым салынбайды.

Ал 1 қарашадан бастап рұқсат әуе көлігімен келетіндер үшін міндетті болады. Қажетті құжаты жоқ жолаушылар Қазақстанға бағытталған рейстерге жіберілмейді.

15 қарашадан бастап талап Қытай және Түрікменстан сияқты ЕАЭО-дан тыс елдермен шектесетін құрлықтағы өткізу бекеттеріне де таралады.

Кейін бұл жүйе Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстанмен арадағы ЕАЭО ішкі шекараларында да қолданыла бастайды. Сондай-ақ жаңа ереже теміржол қатынасы мен порттар арқылы келетін шетел азаматтарына да енгізіледі.

QazETA рұқсаты 180 күнге жарамды болады. Алайда оның иесі Қазақстан аумағында осы мерзім ішінде 90 күннен артық бола алмайды.