Абай облысында шахтадағы жарылыстан ауыр жарақат алған жұмысшыға моральдық зиян үшін 4 млн теңге өтемақы өндірілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Абай облысы Жарма аудандық соты өндірістегі жазатайым оқиғадан зардап шеккен жұмысшының жұмыс берушіге қарсы талап арызын қараған.
Сот материалдарына сәйкес, ер адам 2021 жылдан бері тау-кен жұмысшысы болып еңбек еткен. 2024 жылғы шілдеде кеніш аумағындағы жарылғыш заттар қоймасында жерасты жарылысы болған. Жарылыс толқыны салдарынан жұмысшы ауыр жарақат алған.
Арнайы тергеу барысында оқиғаға жұмыс берушінің 100% кінәлі екені, ал жұмысшының кінәсі болмағаны анықталған. Сот сараптамасы оның денсаулығына келтірілген зиянды ауыр жарақат ретінде бағалаған.
Кейін медициналық-әлеуметтік сараптама ер адамға үшінші топтағы мүгедектік белгіледі.
Жұмыс беруші талап арызды мойындамаған. Компания өкілі денсаулыққа келтірілген зиянға байланысты төлемдерді сақтандыру компаниясы жүзеге асыратынын айтып, жауапкершілік серіктестікке емес, кәсіпорынның нақты бір қызметкеріне жүктелуі керек деп есептеген.
Алайда сот жұмысшының моральдық зиянды өтеу туралы талабын қанағаттандырып, жұмыс берушіден 4 млн теңге өндірді. Сонымен қатар мемлекеттік баж төлеуге кеткен шығынды өтеу міндеттелді.
Материалдық шығынды өтеу туралы талаптың қалған бөлігі қанағаттандырылмады. Сот ұсынылған құжаттарда көрсетілген шығындардың өндірістік жарақат салдарын емдеуге тікелей байланысты екені дәлелденбегенін атап өтті.