Жаңа көліктер почтамттың көлік мүмкіндіктерін кеңейтіп, пошта жөнелтілімдерін жеткізу жеделдігін арттыруға және елорда тұрғындарына, компаниялар мен ұйымдарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Автопаркті жаңарту елорда өңіріндегі логистикалық процестерді одан әрі дамытуға да қосымша мүмкіндіктер жасайды, деп хабарлайды dalanews.kz.
«2026 жылы «Қазпочта» 206 бірлік көлік құралын сатып алуды жоспарлап отыр. Заманауи әрі сенімді автопарк – компанияның операциялық қызметінің маңызды бөлігі және логистика тиімділігін арттырудың негізгі факторларының бірі. Біз бұл бағытқа ерекше мән береміз және алдағы уақытта да автопаркті жаңғыртуға инвестиция салуды жалғастырамыз.
Сонымен қатар өндірістік процестің үздіксіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар жүргізілуде. Оларға 2026 жылы шамамен 13 млрд теңге инвестиция қарастырылған. Атап айтқанда, IT-инфрақұрылымды жаңғырту, жаңартылған e-com платформасын енгізу, интернет-банкинг пен Super App-ты жаңарту, пошта-есеп жүйесін микросервистік архитектураға көшіру, заманауи POS-терминалдар мен банкоматтарды сатып алу, сондай-ақ ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда», – деді «Қазпочта» АҚ Басқарма төрағасы Бекежан Жәкеев.

Автопаркті жаңарту бағдарламасы аясында биыл қазақстандық өндірістің 129 JAC автокөлігін сатып алу көзделген. Сондай-ақ отандық өндіруші «СемАЗ» ЖШС-нен 52 инкассаторлық автокөлік сатып алынады. Отандық «КАМАЗ Инжиниринг» ЖШС-нен 10 КАМАЗ магистральдық седельді тартқышын сатып алу жоспарланған. Бұдан бөлек, компанияның өз қаражаты есебінен 10 Dongfeng автокөлігі сатып алынды.
Дүниежүзілік пошта одағының қаржыландыруы аясында қосымша 5 жеңіл фургон сатып алу жоспарлануда.
«Қазпочта» АҚ көлік паркін жаңғырту бағдарламасы 2027 жылы да кезең-кезеңімен жалғасады. Келесі жылы 164 бірлік көлік құралын сатып алу жоспарланған.