"Қазақстан халқына" қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева Қызылордада өткен іс-шараға қымбат киіммен, яғни 2,4 млн теңгелік Miu Miu пиджагы және бағасы шамамен миллион теңге тұратын Fendi брендінің шалбарын киіп келген. Бұл жайт сирек аурулары бар балалардың ата-аналарының наразылығын тудырған, деп хабарлайды Dalanews.kz NewTimes.kz-ке сілтеп.
Ата-аналардың айтуынша, қор 2022 жылдан бері тіркелмеген дәрі-дәрмектерді сатып алуға қолдау көрсеткен. Алайда биыл мамырда қаражат жоқтығын айтып, қаржыны басқа жобаларға бағыттаған.
Дюшеннің бұлшықет дистрофиясына шалдыққан балалардың ата-аналары "Қазақстан халқына" қорының басшылығымен кездесіп, Элевидис, Касимерсен, Этиплерсен, Голодирсен секілді орфандық препараттарды қамтамасыз ету мәселесін талқылауға тырысқан. Олардың ірі мемлекеттік компанияларға тікелей жүгінген талпыныстары да нәтиже бермеген: олар қаржы тек осы қор арқылы бөлінетінін айтқан.
Қазір басқарма төрайымы қызметін Ләззат Шыңғысбаева атқарып отыр. Әр өңірден ата-аналар Астанаға келіп, онымен жеке кездесуге ниеттенгенімен, олардың сөзінше, басшылық өкілдері шықпаған. Кейін олар әлеуметтік желіден оның қымбат киім киген суреттерін көрген.
"Ол Қызылордаға бір іс-шараға барған. Әрине, сөз сөйлеуге шыққан болуы керек. Бірақ ата-аналар оның бренд киімдерін байқап қалған: пиджак пен шалбар. Тек бір киімнің құны миллион тұрса, айлығың қанша болуы мүмкін? Бұл сұрақ тудырады", - деді "Өмірге сен" қоғамдық қорының негізін қалаушы әрі директоры Сабиля Шүгелова.
Брендтің ресми сайттарындағы мәліметке сүйенсек, Fendi брендінің қара жібек шалбарының құны - 1300 фунт стерлинг (шамамен 940 мың теңге), ал Miu Miu пиджагының бағасы қазіргі бағам бойынша 2,4 млн теңге тұрады.
Басылым осы жайтқа байланысты "Қазақстан халқына" қорының баспасөз қызметіне жүгінген. Олар бұл киім "түрік өндірісінің репликасы" екенін айтыпты.