Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Дүниежүзілік банктің тұрақты өкілімен кездесу өткізді. Тараптар Солтүстік Арал теңізін сақтау және су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру тетіктерін талқылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кездесудің негізгі тақырыбы — Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңі болды. Оның аясында теңіздегі су деңгейін көтеру мақсатында Көкарал бөгетін қайта жаңғырту көзделіп отыр.
Қазіргі уақытта жобаны әзірлеу жұмыстары аяқталу сатысында.
Сонымен қатар Қызылорда облысындағы ирригациялық желілерді қалпына келтіру жобасына дайындық жүргізілуде. Бұл жобаға цифрландыру мен автоматтандыру элементтерін енгізу жоспарланған.
«Бұл бастаманы іске асыру су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттырып, үнемделген суды Солтүстік Арал теңізіне бағыттауға мүмкіндік береді», – деп нақтылады Су ресурстары министрлігінде.
Қазіргі таңда барлық жобалар мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.
