Қазақстан ресейлік тасымалдаушылардың шағымына жауап берді: ЕАЭО талаптары сақталып отыр

Ақтоты Жапатова 24 шіл. 2025 17:03

Ресейлік тасымалдаушылар Қазақстанда жұмыс істеу қиындағанын айтып, бірқатар шектеулерге шағымданды. Бұл туралы «АвтоГрузЭкс» ассоциациясы мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, соңғы он жылда ресейлік көлік компаниялары Қазақстанда көліктерін тіркеуді тиімділігі үшін жиі таңдаған. Алайда 2025 жылдан бастап бұл бағытта бірқатар тосқауыл пайда болған.

«АвтоГрузЭкс» өкілі Қазақстанның жаңа талаптары Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында жарияланған кедергілерді жою қағидаттарына қайшы келуі мүмкін деп есептейді. Ресейлік тарап жүргізушілердің тапшылығына, рұқсат құжаттары мен қаржыландыруға қолжетімділіктің шектеулі болуына, сондай-ақ ұлттық заңнамалар арасындағы айырмашылықтарға назар аударады.

Атап айтқанда, 2025 жылдан бастап Қазақстан шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтарға тиесілі көлік құралдарын пайдалануға рұқсат карталарын беруді тоқтатты. Сонымен қатар, шетелдік мамандарды, оның ішінде жүргізушілерді тартуға шектеу қойылып, ЕАЭО-ға мүше елдерде берілген тахограф карталарын танудан бас тартты.

Ассоциацияның мәлімдеуінше, маусым айының соңынан бастап Қазақстанда көлік компанияларын жаппай тексеру басталған. Оның нәтижесінде халықаралық тасымалдарға берілген рұқсаттар тоқтатылған немесе мүлде берілмеген жағдайлар тіркелген.

Аталған мәліметтерге жауап ретінде Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі ресми түсініктеме беріп, еліміз халықаралық автокөлік тасымалдарын мемлекеттік реттеу барысында ЕАЭО аясындағы халықаралық шарттардың талаптарын қатаң ұстанатынын атап өтті.

Министрлік ЕАЭО-ға мүше елдермен бірлесіп артық әкімшілік кедергілерді азайту және жүктердің еркін қозғалысын қамтамасыз ету бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.

«Жүйелі және үйлесімді жұмыстың нәтижесінде одақ елдері арасындағы жүк тасымалы көлемінің өсуінде оң динамика байқалуда», – делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Қазіргі уақытта Көлік министрлігі жүк тасымалы нарығының талаптары мен тасымалдаушылардың мүдделерін ескере отырып, халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру тәртібін реттейтін қолданыстағы заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді өзектендіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бұл мәселелер алдағы уақытта өтетін ЕАЭО сарапшыларының кездесуі аясында жан-жақты талқыланбақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар