Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция бөлімінің аға детективі Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты жаңа мәліметтер жарияланды. Бұған дейін Алматы облысында өртенген күйі табылған полицейдің қазасы қоғамда үлкен резонанс тудырған еді, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Время" басылымының дерегінше, оқиға полиция күні қарсаңында болған. Марқұм сол күні жұмыстан үйіне кеш оралған. Оның ішімдік ішкен-ішпегені әзірге нақты анықталған жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, үйде ұстара жүзіне байланысты дау шыққан. Басында ауызша басталған жанжал кейін төбелеске ұласқан болуы мүмкін.
Марқұмның жұбайы да бұрын полиция саласында қызмет еткені айтылады. Басылым мәліметінше, әріптестері арасында Аслан Әлсеровтің әйеліне бірнеше рет қол көтергені туралы әңгіме тараған. Әйелдің жұмысқа денесінде соққы іздерімен келген кездері болғаны да айтылып отыр. Алайда бұл деректерге қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасалған жоқ.
Сол түні үйдегі айқайдан кейін әйелдің 15 жастағы екі ұлы мен олардың 14 жастағы досы оқиға орнына келгені хабарланды. Алдын ала болжам бойынша, жасөспірімдердің бірі әкесінің басынан қатты затпен ұрған болуы мүмкін. Тергеу оның нақты қандай затпен соққы алғанын анықтап жатыр.
Кей дерекке сүйенсек, ес-түссіз жатқан ер адам кейін киіммен байланған. Артынша күдіктілер оның денесін көпқабатты үйдің жанындағы көлікке апарған болуы мүмкін. Мәйіт көрпеге немесе жаймаға оралған деген болжам бар.
Таңға жуық көлік Алматы облысы Кеген ауданы бағытындағы ауылдардың бірінен өткен. Кейін Көкпек–Көктал–Кеген тас жолынан тауға қарай шамамен жарты шақырым жүргеннен кейін марқұмның денесі өртелгені айтылады.
Полицейдің сүйегін тауға жоғалған малын іздеп шыққан жергілікті шопан тауып алып, құқық қорғау органдарына хабарлаған.
Қазір тергеу қылмыстың мән-жайын толық анықтау үшін бірқатар сот-медициналық сараптама тағайындамақ. Сондай-ақ ерлі-зайыптылардың ұялы телефондары да тексеріледі.
Алдын ала мәлімет бойынша, Арайлым Әлсерова, оның екі ұлы және 14 жастағы жасөспірім уақытша ұстау изоляторына қамалған. Олардың кінәні мойындағаны айтылғанымен, бұл жөнінде ресми ақпарат әзірге жарияланған жоқ. Күдіктілердің кінәсі сотта дәлелденбейінше, олар кінәсіз деп саналады.
Аслан Әлсеров полиция қызметіне шамамен 10 жыл бұрын келген. Ол бұған дейін арнайы жедел әрекет ету бөлімінде қызмет атқарып, былтыр тамыз айында Алматы қаласы Әуезов ауданы қылмыстық полиция бөлімінің аға детективі болып тағайындалған.