Қазақстан Ресейге қатысты өте сауатты саясат жүргізіп отыр - Украина генералы

Көркем Алдабергенова 10 мау. 2025 11:40

Қазақстан Ресейге қатысты өте сауатты, парасатты әрі көреген саясат жүргізіп отыр. Елдің экономикалық және әскери салада Батыс елдерімен қарым-қатынасты нығайтуы – соның айқын дәлелі. Мұндай пікірді Украинаның Сыртқы барлау қызметінің бұрынғы басшысы, армия генералы Николай Маломуж айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Украиналық генералдың айтуынша, Қазақстан ұзақ уақыттан бері өз әскерін кезең-кезеңімен батыстық стандарттарға көшіріп келеді. Бұған дейін Ресей қару-жарақ пен оқ-дәрі өндірісі саласында Қазақстан нарығында монополияға ие болған еді. Алайда Қазақстан бұл монополияны жойып, британ-канадалық компаниямен бірлесіп, барлық калибрлі оқ-дәрі шығаратын зауыт ашты. Сонымен қатар жуырда Қазақстан мен Ұлыбритания арасында 2025–2026 жылдарға арналған әскери ынтымақтастық жоспары бекітілді. Украиналық сарапшы осы келісімді Қазақстанның қорғаныс саласындағы қауіпсіздігін күшейту жолындағы маңызды әрі дұрыс қадамы деп бағалап отыр.

– Ресей Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы келісімді қабылдайды. Себебі Қазақстанмен қақтығысқа бару – Ресей үшін арқадан соққы алумен тең болмақ. Мұндай қадамға Мәскеудің қауқары да, ниеті де жоқ. Қазақстан дәл осы жолмен – халықаралық серіктестік арқылы, экономикалық, саяси және әскери қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық арқылы – соғыстың алдын алып отыр. Егер Ресей осындай саясат ұстанған болса, украин жерінде соғыс ашпас еді, – деді генерал Маломуж «24 каналға» берген сұхбатында.

Украиналық генералдың пікірінше, Қазақстан өзінің ұлттық мүддесін қорғауда мәдени салада да батыл әрекет етіп келеді. Соның бірі – қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы шешімі. Мұны генерал Қазақстанның сыртқы қысымға тәуелсіз, егемен саясат ұстануының жарқын мысалы ретінде атап өтті.

Айта кетейік, 6 маусымда Қазақстан мен Ұлыбританияның қорғаныс ведомстволары арасында әскери ынтымақтастық жоспарына қол қойылғаны хабарланды. Құжатта көрсетілген басты бағыттар – бітімгерлік қызмет, тілдік дайындық және қазақстандық әскери қызметшілерді Ұлыбританияның жоғары әскери оқу орындарында оқыту.

Еске салайық, күні кеше Президент – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен арнайы кеңес өткізіп, әскердің жауынгерлік қабілетін арттыруға қатысты бірқатар маңызды тапсырма берген болатын. 

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қарулы Күштердің жоғары қолбасшылығына басымдық беретін негізгі міндеттерді атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс саласын цифрландыруға және заманауи әскери технологияларға, оның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды.

Сонымен қатар, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға ықпал ететін халықаралық ынтымақтастық пен стратегиялық серіктестіктерді де талдауға тырысып көрдік. Жаһандық қауіпсіздіктің өзектілігі артып отырған қазіргі әлемде Қарулы Күштердің рөлі әрбір мемлекеттің ұлттық қорғаныс қабілетінің ажырамас құрамдас бөлігіне айналып барады. Сондықтан да дәл бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етудегі рөлі мен міндеттерін, сондай-ақ әскери доктринасы құрылған негізгі қағидаттарды бір зерделеп алудың маңызы зор. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар