Қазақстан Ресей уәде еткен ЖЭО-ларды өзі салып шығуы мүмкін

Көркем Алдабергенова 18 мау. 2025 10:32

Қазақстан Ресей уәде еткен жылу электр орталықтарын өзі салып шығуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеп.

Ресей Қазақстанда салуға уәде берген үш жылу электр станциясының (ЖЭО) құрылысы жүзеге аспауы ықтимал. Мұндай жағдайда еліміз бұл жобаны өз күшімен іске асыруға дайын.

Бұл туралы вице-премьер Роман Скляр «Орталық Азия – Қытай» саммитінің кулуарында мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасында тиісті келісім бар, алайда оның жүзеге асырылуы кейінге шегеріліп жатыр.

"Бізде қол қойылған келісім бар. Қазір экспорттық қаржыландыруда кідіріс болып отыр", – деді ол.

Егер Ресейден қаржы түспесе, жоба шетелдік қолдаусыз-ақ іске асырылмақ.

"Біз ресейлік әріптестердің қатысуынсыз-ақ ЖЭО сала аламыз", – деді Скляр.

Сонымен қатар, бұл мемлекеттік бюджеттен тікелей қаржыландырылады дегенді білдірмейді. Құрылыс тапсырыс берушісі ретінде ұлттық компанияның шығуы мүмкін.

"Бізде “Самұрық-Энерго” бар. Ол тариф кепілдігімен ЖЭО салудың тапсырыс берушісі бола алады. Яғни нақты сол станцияға белгіленетін тариф кепілдігімен. Әзірге тариф бойынша есептеулер жоқ", – деп түсіндірді ол.

Құрылысқа қазақстандық компаниялар тартыла ма, жоқ па – бұл сұрақ әзірге ашық күйінде қалып отыр.

"Алдымен шешімді күтейік. Құрылыс басталған кезде хабарлаймыз", – деді вице-премьер.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар