Қазақстан-Қытай қатынасы: Тауар айналымы 13,5 млрд долларға жетті

Dalanews 15 қыр. 2022 12:42 1014

Қытай – Қазақстанмен көрші жатқан алпауыт мемлекет. Бұл ел қай жағынан да озық тұр. Экономикалық қуаты, әскери күшінің әлеуеті  бойынша да көштің басында. Осы тұрғыда Қазақстан мен Қытайдың өзара тату болғаны екі жаққа да тиімді.

Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында екіжақты қарым-қатынастың дамуына ерекше тоқталды.

Сонау 2013 жылы ҚХР төрағасы елге келгенде «Бір белдеу – бір жол» атты бағдарламасын қабылдағанын, Жібек жолы экономикалық белдеуін құратынын айтқаны есте. Қытай тарапы дамушы елдер халқының әлеуетін жақсарту үшін 60 млрд юань бөлгені де белгілі.

Си Цзиньпин өз сөзінде мұның қазақ еліне де экономикалық ықпалы зор екенін тілге тиек еткен. Себебі, Қытай үшін іргелес, шекаралас жатқан Қазақстан көлік-логистика, сауда-экономика байланысын дамытып отырған транзиттік аймаққа айналды.

Соңғы жылдары Қытайға құйылатын шетел инвестициясының көлемі күрт төмендеп, 62 пайызға азайып кеткен. Бұл олқылықты Орталық Азия елдері арқылы түзеуге кіріскен алып мемлекет 55 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды мықтап қолға алды. Былтыр транзит саласы бойынша 13 800 пойызбен 1,3 миллион контейнерлік жүк өткізген. 2020 жылға қарағанда 30 пайызға артқанын айта кеткен жөн.

Осы сапар барысында 2019 жылы қол жеткізілген стратегиялық серіктестік жөніндегі уағдаластықтық тиімді жүзеге асып жатқаны айтылды.

– Дипломатиялық қарым-қатынастар орнағалы бері Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс үнемі жаңа мазмұнмен толығып, жемісін беріп келеді. «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы аясында индустрияландыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты алғашқылардың бірі болып дамыттық. Бүгінде Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы жаңа тарихи бастау алды, – деді Си Цзиньпин.


Екі жақ көлік логистикасы, азық-түлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылық салаларының мәселелері және трансшекаралық өзендер жайын талқылады.

Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2022 жылғы қаңтар-шілде айында 13,5 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың осы уақыт кезеңімен салыстырғанда 38,2 пайызға (9,7 млрд доллар) жоғары. Ал сонау тәуелсіздік алған жылдар мен бүгінге дейін көрсетуіш жүз есеге жетіп отыр.

Әсіресе, экспорттың да, импорттың да көлемі ұлғайған. Қазақстаннан Қытайға тауар жеткізу 6 млрд доллардан асқан. Мұнымен қоса аспанасты еліне жөнелтілетін мұнай тасымалының 4 есеге артуы мен қытай тауарының импорты 5  миллиард АҚШ долларына жеткені екі елдің қаржылық әлеуетін арттырған.

Қазір Қытайдан көліктің қосалқы бөлшектері мен жабдықтары, тұрмыстық-техникалық тауарлар, компьютерлер тоқтаусыз тасымалданып жатыр. Осы тұрғыда Ұлттық экономика министрлігі екіжақты тауар айналымын рекордтық көрсеткіш деп бағалады.

 

Қытай үшін де Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнату маңызды


Самат Нұртаза, Қазақстанның қоғамдық даму институтының медиа-коммуникация және PR басқармасының жетекшісі:

– Қытай мемлекеті біздің тарихи көршіміз. Біз киіп жүрген киім-кешектен бастап, құрылыс материалына дейін Қытайда жасалған, сол елден тасымалданады. Сондықтан экономика жағынан Қытайға тәуелдіміз. Сол сияқты Қытай үшін де Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнату маңызды.

Себебі, Қытайдың АҚШ және Тайваньмен байланысына сызат түсіп, Тынық мұхиттағы жағдайы мәз емес. Бұдан кейін тауарын Еуропа, Орталық Азия елдеріне Қазақстан арқылы тасымалдауға мәжбүр болды. Біздің де көрші ақысы ретінде Қытайға транзиттік жағынан пайдамыз тиіп отыр.

Бүгінде теміржол, көлік-логистика тасымалы біз арқылы өтіп жатыр. Меніңше, ҚХР төрағасы мен Қазақстан президентінің кездесуі ынтымақтастығымызды, достығымызды, бір-біріне деген сенімділігін одан әрі нығайта түседі. Оның үстіне Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесу кезінде қытайша сөйлеуі де ұзақ уақыттан бергі қарым-қатынастың беріктігін айғақтады.


Президент кезінде Қытайда білім алды, дипломат ретінде Қытайда жұмыс істеді. Олардың не айтып, не ойлап отырғанын, әдет-ғұрпы мен мәдениетін, менталитетін жетік білгені біз үшін маңызды. Себебі, президенттердің арасында да көп адам ескере бермейтін адами фактор болады. Қытай үкіметінің басқаларға қарағанда, біздің президентке деген көзқарасы түзу, әлдеқайда жақынырақ деп ойлаймын.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар