Қазақстан қайтадан бұрынғы уақыт белдеуіне орала ма?

Көркем Алдабергенова 08 қаз. 2024 15:00 2501

Вице-премьер Роман Скляр кей азаматтардың қайтадан бұрынғы уақыт белдеуіне ауысу ұсынысына қатысты пікірін білдірді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

"Қоғамның бір бөлігі жаңа уақытқа оң баға береді. Кейбіреулер мұны қабылдады, ал басқалары әлі қабылдай алмады.

Барлық артықшылық пен кемшілікті мұқият зерттеу керек. Меніңше, барлығын тыңдап, практикалық тұрғыдан қарау қажет", – деді Роман Скляр.

Қазақстанда уақыт белдеуін ауыстыру 2023 жылдың 1 наурызынан басталды. Ел бір уақытта UTC+5 уақыт белдеуіне көшті.

Бұрын елде бірнеше уақыт белдеулері болған, бірақ бұл өзгерістер қазақстандықтардың өтініштеріне байланысты қабылданды. Бұған дейін, Мәжілістің бір топ депутаты Үкіметтен бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды талап еткен болатын. 

Еске салайық, бұған дейін депутаттар уақыт белдеуін өзгертуді талап еткен болатын. 

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай инстаграм парақшасында айтты. 

– Мыңдаған халықтың арыз-шағымы, тілегіне орай арнайы мәлімдеме жасағымыз келіп отыр. Бүгін “Аманат” фракциясының Мәжілісте арнайы жиынын өткіздік. Осындағы әріптестеріміз куә: осы жазда өңірлерді аралаған кезде, әсіресе Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай облысы, Жетісу өңірінде халық тарапынан ең көп қойылған сұрақ – уақыт белдеуіне байланысты болды. Олар бұрынғы уақыттың қайтарылуын талап етіп жатыр. Бәлкім, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан үшін осы уақыт белдеуі ыңғайлы шығар. Бірақ шығыс үшін тиімсіз. Біздің Шығыс Қазақстанда таңғы екі жарымда таң атады. Сиырдың мөңіреген дауысынан оянасың. Кешкі бес-алты тасқараңғы. Екінші, үшінші ауысымда оқитын оқушылар бар. Олар қалай қайтады? Ауылды жерлерде тіпті жарық жоқ" – дейді Мақсат Толықбай бастаған бір топ депутат.

Халық қалаулылары жер үлкен болған соң георафия бойынша уақыт белдеуі алдын ала зерттелуі керек еді дейді. Депутаттардың сөзінше, оның денсаулыққа қаншалықты зиян екені, қанша энергия артық шығындалып жатқаны алдын ала зерттелуі қажет болған.   

– Сондықтан, бүгін арнайы фракцияның жиынын өткіздік. Уәде еткендей алдағы уақытта Парламенттің жалпы отырысында Үкімет мүшелерін, ғалымдарды, мамандарды шақырып, тыңдау өткіземіз. Нақты ұсыныстарыңыз болса айтыңыздар. Үкіметтің нақты шешім қабылдауына ықпал етеміз, – дейді олар.

Мақсат Толықбаймен Нұртай Сәбилянов та Абай облысына барғанда осы мәселені халық көп көтергенін атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар