Лингвистикалық комиссияның құрамы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2015 жылғы 27 ақпандағы қаулысына өзгерістер енгізумен жаңартылды.
Комиссия мүшелері Комиссияның жұмысына қатысты ұйымдастыру мәселелерін, "Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімі туралы" Ортсайлаукомның 2005 жылғы 31 тамыздағы қаулысымен айқындалатын Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімін талқылады.
Осы қаулыға сәйкес мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үшін:
1) лингвистикалық комиссия ұсынған тақырыпқа көлемі екі беттен аспайтын жазбаша тапсырма жазу;
2) лингвистикалық комиссия ұсынған көлемі үш беттен аспайтын баспа мәтінін оқу;
3) лингвистикалық комиссия берген тақырыпқа көпшілік алдында сөз сөйлеу кемінде он бес минут.
Лингвистикалық комиссияның отырысына оның мүшелері мен Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттан басқа, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшелері байқаушылар ретінде қатысуға құқылы.
- Лингвистикалық комиссияның шешімі комиссия мүшелері санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады, отырыс хаттамасымен ресімделеді және отырысқа қатысып отырған Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесіне дереу беріледі, - деп хабарлап отыр ОСК.
Лингвистикалық комиссия мүшелері Комиссияның жұмысы ашық және жариялы түрде жүзеге асырылатынын, ал бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттардың әрқайсысы бойынша шешім қабылдау процесін байқауға мүмкіндік алатынын атап өтті.