ШҚО-да қос азаматтығы бар 35 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жыл басынан бері өңірде 550-ден аса адам Қазақстан азаматтығынан айырылғаны тіркелген. Олардың басым бөлігі басқа елдердің азаматтығын алған.
"Азаматтық туралы заң талаптарын бұзған 35 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 26-сы шетел азаматтығын алғаны туралы уақытында хабарламаған, ал 9 адам Қазақстан паспорты немесе жеке куәлігін пайдалана берген", - деді ІІМ өкілдері.
Осындай жағдайлардың бірі облыс орталығында анықталған. 64 жастағы әйел басқа елдің азаматтығын алғанын хабарламай, қазақстандық құжаттарын пайдаланған. Нәтижесінде оның құжаттары тәркіленіп, Қазақстан азаматтығынан айырылғаны тіркелді.
Қазақстан заңнамасына сәйкес басқа елдің азаматтығын алған адам бұл туралы белгіленген мерзімде көші-қон қызметіне хабарлап, Қазақстан паспорты мен жеке куәлігін тапсыруы қажет. Қазақстанда қос азаматтыққа жол берілмейді.