Қазақстан Орталық Азияның экономикалық көшбасшысы атанды

Қазақстан Орталық Азияның экономикалық көшбасшысы атанды
Фото: ЖИ

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 306 млрд АҚШ долларына жетті. Халықаралық БАҚ жариялаған деректерге сәйкес, бұл Орталық Азия елдерінің жиынтық экономикасының 53,7%-ын құрайды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жарияланған мәліметтерге қарағанда, бүгінде Қазақстан өңір экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналған. Ел экономикасының көлемі ЖІӨ көлемі 147,1 млрд долларды құраған Өзбекстаннан екі еседен астам жоғары. Ал Түрікменстанның экономикасы 77,4 млрд доллар, Қырғызстандыкі – 21,6 млрд доллар, Тәжікстандікі 17,5 млрд доллар көлемінде бағаланған.

Айырмашылық жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткішінен де анық байқалады. Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен 15 мың долларды құраса, Түрікменстанда – 11,6 мың доллар, Өзбекстанда – 3,8 мың доллар, Қырғызстанда – 3 мың доллар, ал Тәжікстанда 1,7 мың доллар болған. Бұл ел экономикасының өнімділігі жоғары екенін әрі қосылған құн көлемінің көбірек қалыптасатынын көрсетеді.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан экономикасының салмағы бүгінде тек шикізат секторына ғана тәуелді емес. Жалпы қосылған құнның шамамен 20%-ын сауда саласы қалыптастырса, 13%-ы өңдеу өнеркәсібіне, 11,9%-ы тау-кен өндірісіне тиесілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық саясаты өңдеу өнеркәсібін, цифрлық салаларды, логистиканы, қаржы қызметтерін және инновациялық бағыттарды одан әрі дамытуға бағытталған.

Экономика құрылымында жылжымайтын мүлік нарығының да үлесі айтарлықтай. Бұл көрсеткіш бойынша да Қазақстан көрші мемлекеттерден алда келеді. Мақалада бұл ішкі нарықтың анағұрлым дамығанын және құрылымының жетілгенін білдіретін белгі ретінде бағаланған.

Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2026 жылы Қазақстан экономикасының көлемі 360,4 млрд АҚШ долларына жетіп, ел әлемдегі ең ірі экономикалар рейтингінде 49-орынға көтеріледі. Өзбекстан 61-орынға жайғасады деп күтілсе, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстан бұдан төмен орындарды иеленбек.

Сарапшылардың бағалауынша, өңдеу өнеркәсібінің, логистиканың, цифрлық қызметтердің және қаржы секторының дамуы Қазақстан экономикасының өсу көздерін әртараптандыруға және оны сыртқы экономикалық өзгерістерге барынша төзімді етуге мүмкіндік береді.