Қазақстан министрінің шетелдік БАҚ-қа берген сұқбатынан кейін мұнай бағасы тағы төмендеді

Кәмшат Тілеухан 24 сәу. 2025 11:16 181

"Қазақстан мұнай өндіру көлеміне қатысты шешім қабылдаған кезде ОПЕК+ тобының мүдделеріне қарағанда ұлттық мүдделерге басымдық береді", - деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Reuters агенттігіне берген сұқбатында. Осыдан кейін әлемдік нарықта Brent маркалы мұнай бағасы тағы 2%-ға арзандады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министр Қазақстанның ОПЕК + белгілеген квоталарға сай бола алмауының екі себебін атап өтті. Біріншісі – еліміздегі мұнай өндірісінің 70%-ын құрайтын барлық үш ірі жоба (Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ) шетелдік компаниялар қолында. Министр аталған компаниялармен келіссөздер жүргізуге уәде берді, алайда Астананың оларға аса бір ықпалы жоқ екенін де нақтылай кетті.

Оның үстіне, Ерлан Ақкенженовтың айтуынша, пісіп-жетілген кен орындарына техникалық себептер бойынша қол тигізу мүмкін емес.

"Егер біз ескі кен орындарын жаба бастасақ, бұл - өз аяғымызды өзіміздің атқанымен бірдей", - деп атап өтті министр.

Міне, осындай мәлімдемелерден соң әлемдік нарықта Brent маркалы мұнайдың бағасы 2%-ға төмендеді. Ал Bloomberg мұнай нарығында "баға соғысының" шиеленісе түсуі қаупі қоюалана түскенін жазды. Агенттіктің мәліметінше, Сауд Арабиясы өз тарапынан мұнай көлемін арттыра отырып, бағаны түсіруге құлықты, сөйтіп Қазақстан секілді белгіленген квотаны сақтамайтын елдерді жазаламақ.

Бұған дейін бізге берген сұқбаттарында мұнай саласының маманы Олжас Байділдинов және экономист Арман Бейсембаев та араб елдері "қара алтын" өндірісін қасақана арттырып, Қазақстанды жазаламақ ниетті екенін айтқан болатын.

Мұнай саласының маманы Байділдинов бұл ретте Қазақстан шынымен де қолайсыз жағдайға тап болып отырғанын айтады. Яғни, ОПЕК алдында өндіріс көлемін қысқартуға уәде береді, бірақ іс жүзінде оны ұлғайта береді. Оның айтуынша, бұл арада мәселе Қазақстанда емес,мұнай өндіруші саланың құрылымында.

"Өндірістің 70%-ы "киттерге" тиесілі: Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған халықаралық консорциумдары. Олар ешқандай келісімге қосыла алмайды. Егер алда-жалда қосылса, оларға қатысты өз елдерінде монополияға қарсы тергеу басталуы мүмкін", - деді сарапшы.

Олжас Байділдиновтың айтуынша, егер консорциумдар өндірісті қысқартып жатса, оларды картельмен сөз байласып, бағаға әсер етіп жатыр деп айыптауы мүмкін. Сондықтан олар мұны жасамайды, ал Қазақстан өз бетімен келісімді орындай алмайды.

"Меніңше, түптің түбінде Қазақстан ОПЕК ұйымнан шығып тынады. Өйткені Қазақстан өз бетімен ондағы квоталарды орындап, сақтауға қабілетсіз", - дейді сарапшы.

Ал Арман Бейсембаев мұнай бағасы құласа, теңге де құнсыздана беретінін нақтылайды.  Егер мұнайдың бір баррелі 50 долларға дейін түссе, оның болжамынша, 1 АҚШ доллары 580 теңге болып қалады, онда да бұл жыл соңына қарай орын алуы ықтимал жағдай.

"Бұл арада мына нәрсені баса айта кеткім келеді. Мұнай нарығындағы баға тұрлаусыз. Ол бір бағаны үнемі сақтап тұрмайды. Ол бірде өссе, бірде төмендеп отырады. Қазіргі жағдайда, әрине АҚШ президенті Трамптың тариф саясаты нарықтарға теріс ықпал етуде. Соның ішінде әлемдік мұнай нарығына да. "Жығылғанға жұдырық" демекші, ОПЕК+ ұйымы да бұған дейінгі саясатынан бас тартып, мұнай өндірісі көлемін арттыратынын жариялады. Айналып келгенде, осы екі фактор әлемдік нарықтарда қазір дауыл туғызуда", - дейді ол.

Сарапшы нақ осы екі фактор мұнай нарығында профицит тудыратынын болжайды.

"Мұнайға қатысты араб елдерінің соңғы шешімі жарияланған кезде Bloomberg басылымында "ОПЕК осылайша Қазақстанды жазалауда" деген мақала жарияланды. Яғни, баға жоғары әрі қолайлы кезде өндірісті қысқартпасаңыздар, онда түсірейік дегені ғой. Белгіленген квотадан асыра мұнай өндіріп жатқан басқа да елдер бар. Онсыз да бізде мұнай өндіру қымбат, кейде оны өзіндік құнынан да төмен сатып жатамыз. Баға төмендесе, шикізатты игеруші елдер ұсынысты еріксіз азайтады, кім тауарын арзанға сатқысы келеді дейсіз. Сөйтіп баға біртіндеп реттелуі керек", - дейді маман.

Бұған дейін сайтымызда "Бір баррелі – 15$". ХВҚ жариялаған болжам  мұнай өндіруші елдерді орнынан қозғап жіберді" деген мақала жарияланған болатын.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар