Қазақстан мұнайын немістің Швед қаласындағы мұнай өңдеу зауытына тікелей жеткізетін "Дружба" мұнай құбыры бүлініп, мұнай айдау уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Төтенше оқиға Польшаның Пнева қаласы маңында 1 желтоқсанда таңертең болған. Бұл туралы сол елдің мемлекеттік өрт қызметі хабарлады. "Жарылыс немесе өрт қаупі жоқ" деді ресми орган. Қазіргі уақытта құбырдың бүлінген жері жөнделіп жатыр.
2024 жылдың қаңтар-қазан айларында Германияға 1,2 млн тонна Қазақстан мұнайы жеткізілді. Бұл туралы 25 қарашада Мәжіліс қабырғасындағы Үкімет сағатында ҚМГ Басқармасының басшысы Асхат Хасенов мәлімдеген еді. Сол кезде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның алда мұнай өндірісі көлемін 100 млн тоннаға арттыру және экспорт көлемін де ұлғайту туралы жоспары барын жариялады. Қазақстанның бұл жоспары жария бола салысымен, оны шетелдік БАҚ-тар бірден іліп әкетті.
"Қазақстан 2024 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында "Дружба" магистральдық құбырлар жүйесі арқылы Германияға 1,2 млн тонна мұнай жеткізгенін хабарлады. Осылайша, ағымдағы жылдың тоғыз айында Қазақстан бұрын Ресей мұнайы айдалған Шведтегі МӨЗ үшін мұнай жеткізу бойынша міндеттемелерді орындады. 2023 жылы қазақстандық Қарашығанақ кен орнынан Германияға 933 мың тонна мұнай жеткізілді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ГФР-ға мұнай экспортын ұлғайтуға дайын екенін айтты", деп жазды немістің DW басылымы.
Жалпы, Германия Қазақстаннан мұнай экспорты көлемін ұлғайтуды сұрап келеді.
Айта кетсек, "Дружба" құбының солтүстік тармағы бойынша Германиядағы мұнай өңдеу зауытына 2023 жылдың ақпан айынан бастап тәулігіне 2 млн баррель Қазақстан мұнайы айдалуда. Бұл тасымалға бірнеше рет қауіп төнген. Бұл реттегі апат тұрғысында емес, төлемдер бойынша. Мәселен, "Дружба" құбырының операторы - "Транснефть" Варшавадан биыл маусым айына дейін Адамоводағы базасында газды өлшеу қызметтері бойынша төлем жасауды талап етті, бірақ поляк операторы батыс санкцияларын бұзамын ба деп қорыққан. Ақырында "Транснефть" және қазақстандық мұнайды қабылдаушы Шведтегі неміс МӨЗ польяк шығындарын өз мойындарына алатынын, ал аты аталмаған словак компаниясы PERN-ге санкция әсері тәуекелдері мәселесімен айналысуға өзара келіскен болатын. Сондықтан мұның барлығы бұл арада мұнай экспорты көлеміне қатысты шешім біржақты шешілмейтінін аңғарта алады.