Қазақстан мен Ресей жаңа жүйені қолға алмақ

Қаракөз Амантай 13 мау. 2024 14:52 40424

Соңғы уақытта Қазақстанда "шетел агенттері" туралы заңға байланысты алаңдаушылық күшейіп келеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ресейдің ірі ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдар үшін жайсыз оқиға орын алды. Яғни, ресейлік және қазақстандық парламентшілер "шетел агенттерінің ықпалына" қарсы тәжірибе алмасу тетігін құрды.

"Интерфакс" агенттігінің мәліметінше, Алматыда өткен ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысында екіжақты ақпарат алмасу туралы келісімге қол жеткізілген. Хабарламада ресейлік депутат Василий Пискарев жаңа тетік "егемендікті қорғауға, атап айтқанда, шетелдік бас сұғушылыққа және шетел агенттерінің ішкі саясатқа әсеріне қарсы тұруға" мүмкіндік беретіні туралы дәйексөз келтірген.

Ресейдің ішкі істеріне араласу фактілерін тексеру жөніндегі Мемлекеттік Дума комиссиясын басқаратын Пискарев ақпарат алмасу ҰҚШҰ-ға мүше басқа да мемлекеттермен жүзеге асырылатынын атап өтті.

Бұл жаңалық Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарын да алаңдатып қойды. Осы тұста көпшілік Қазақстанда Ресейдің "шетел агенттері" туралы заңы енгізілуі мүмкін деп болжайды. Ресми түрде бұл ережелер шетелдік қаржыландырудың айтарлықтай үлесіне ие құрылымдарға, негізінен коммерциялық емес ұйымдар мен БАҚ-на арналған.

Мысалы, Кремль "шетел агенттері" туралы заңның көмегімен елдегі қайшылықтың кез келген түрін басуға қауқарлы. Биыл Қырғызстан мен Грузия ресейлік үлгідегі "шетел агенті" туралы заң қабылдаған.

Қазақстанда "шетел агенттері" туралы заң жобасының қабылдануы мүмкін деген қорқыныштан бөлек, БАҚ бостандығына қатысты алаңдаушылық күшейіп келеді. Маусым айының басында Қазақстан Сенаты жаңа аккредитация ережелеріне сәйкес, биліктің тәуелсіз журналистері мен басылымдар қызметін шектейтін БАҚ туралы заңды мақұлдады. Бұған дейін БАҚ туралы заң жобасын парламенттің төменгі палатасы да мақұлдаған болатын.

Өткен жылдың күзінде ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Қазақстанда "шетел агенттері" туралы заңды енгізу қарастырылмағанын атап өткен еді.

"Бұл мәселе күн тәртібінде жоқ екенін білемін. Егер осындай бастама болса, онда өзіміз тиісті сараптама жасаймыз. Бізде мұндай жұмыстарды атқаруға қауқарлы штат жасақталған, олардың тиісті мамандықтар бойынша білімі бар. Бұған нақты баға беріп, міндетті түрде өз пікірімізді білдіреміз", - деді Артур Ластаев тілшілерге берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол шетелден қаржы алатын тұлғалардың тізімін жасау мәселесіне қатысты пікір білдірді.

"Қазіргі кезде мемлекеттік кірістер органдары бұл саясатты салық салу мақсатында жүзеге асырып отыр. Бізге осы уақытқа дейін фискалдық саясат аясында адам құқықтарына нұқсан келіп жатқаны туралы ешқандай шағым түскен жоқ", - деді А. Ластаев.

2023 жылы Қазақстанның мемлекеттік органы «Шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден, азаматтығы жоқ тұлғалардан ақша және (немесе) өзге де мүлікті алған тұлғалардың» тізілімін құрды. Бірақ бұл тізілім, Ластаевтың айтуынша, тек осындай шетелдік кірістен барлық салықтарды төлеуді қамтамасыз етуге арналған. 2023 жылдың қыркүйегінде Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті тізілімге енгізілген 240 жеке және заңды тұлғаны көрсететін тізімді жариялады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар