Қазақстан мен Қытай арасында үш жаңа әуе бағыты ашылуы мүмкін

Қазақстан мен Қытай арасында үш жаңа әуе бағыты ашылуы мүмкін

Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе байланысы алдағы уақытта тағы да кеңеюі мүмкін. Қытайдың Urumqi Airlines әуе компаниясы Қазақстанға үш жаңа халықаралық бағыт бойынша тұрақты рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәселе Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Urumqi Airlines әуе компаниясының вице-президенті Чжан Лянның кездесуі барысында талқыланды. Кездесу кезінде қытайлық тасымалдаушы Үрімші – Қарағанды, Құлжа – Астана және Құлжа – Алматы бағыттары бойынша тұрақты әуе рейстерін ашуға қызығушылық танытты.

Өз кезегінде қазақстандық тарап әуе компаниясына маршруттар желісін кеңейтуді ұсынып, Өскемен мен Семейге, сондай-ақ болашақта пайдалануға берілетін Зайсан және Катонқарағайдағы жаңа өңірлік әуежайларға да рейстер орындау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Кездесу барысында өңірлік авиацияны дамыту мәселесі де сөз болды. Urumqi Airlines компаниясы қытайлық COMAC C909 ұшақтарын пайдаланатындықтан, осы әуе кемелері негізінде Қазақстанда бірлескен өңірлік әуе компаниясын құру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Комитеттің мәліметінше, мұндай жоба Зайсан мен Катонқарағай сияқты туристік әлеуеті жоғары өңірлерге тұрақты әуе қатынасын жолға қоюға және ішкі өңірлік тасымалды дамытуға серпін беруі мүмкін.