Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында тәртіпсіздік орын алды – дереккөз

Қаракөз Амантай 04 мау. 2025 10:41

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекарада ұзындығы бірнеше шақырымға созылған кептеліс пайда болды, деп хабарлайды Dalanews.kz Gazeta.uz басылымына сілтеме жасап.

Жүргізушілердің айтуынша, олар шекарада тәуліктен астам уақыттан бері кезекте тұруға мәжбүр.

Кезекте тұрған азаматтардың кейбірі Қазақстан жағында шекарадан тез өту үшін пара сұрайтындар пайда болғанын айтады.

"Қазақстан жақта бес, он, тіпті он бес мың рубльге шекарадан жылдам өткізуге уәде ететін адамдар пайда болған. Бұл сұмдық қой! Бірақ басқа амал жоқ. Біреулер шыдамай ақша беріп те жатыр", – дейді Өзбекстан тұрғыны Игорь Аипкин.

Кептелістің арасында Тәжікстан нөмірлі автокөліктер де өте көп. Олардың басым бөлігі Өзбекстан арқылы транзитпен өтуге тырысып жатыр, бірақ көлік ағыны мүлдем тоқтап қалған. Бірнеше күннен кейін Құрбан айт мейрамы басталады, адамдар үйлеріне тезірек жетуді көздейді, бірақ шекарадағы қозғалыс тұралаған.

Өзбекстан азаматы Галина Никитина бірнеше сағаттық кезекті көтере алмай, шекараны жаяу кесіп өткенін айтады. Оның күйеуі көлігімен басқа пункт – "Ялламаға" ("Б. Қонысбаев") барғанымен, ондағы жағдай да оңала қоймаған.

"Ол жақта да шамамен 150 көлік кезекте тұр. Көбі "Қапланбектен" шығып, бұл жерден тез өтеміз бе деп келгендер. Сегіз сағатта Өзбекстан аумағына бар-жоғы тоғыз көлік өтті. Бұл жерде де ақша үшін өткізіп беретін адамдар пайда болыпты", – дейді ол.

Өзбекстанның Кеден комитетінің баспасөз хатшысы Хусен Тангриев Gazeta.uz басылымына берген мәліметінде шекарада қолдан кедергі жасалмағанын, бекеттердің қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

"Қазіргі кезде Қазақстан мен Өзбекстан тарапы шекараның өткізу қабілетін арттыру және қосымша бағыттар ашу мәселелерін талқылап жатыр", – деді Тангриев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар