Қазақстан мен Лувр ғылыми зерттеулер ынтымақтастығы алгоритмін әзірлеуде

Жарбол Кентұлы 24 қыр. 2024 18:49 2276

Астанада ҚР Ұлттық музейінің 10 жылдығына арналған Қазақстан музей конгресі өтті. Оған 12 елден 100-ден астам зерттеушілер мен мұражай қызметкерлері қатысты. Ауқымды шара аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Лувр музейінің Ислам өнері департаментінің директоры Сурая Нуджайыммен және Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиогемен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тараптар Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени байланыстарды нығайту, ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Министр екі елдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу аясында Астана мен Париж арасындағы ғылыми-зерттеу жұмысындағы әріптестікті одан әрі нығайтуды ұсынып, музей ісі саласындағы бірлескен зерттеулердің маңыздылығын атап өтті.

Аида Балаева француз әріптестеріне тәжірибе алмасуға және екі елдің музейлері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін симпозиумдар, көрмелер мен ғылыми конференциялар, тренингтер мен семинарлар ұйымдастыруды ұсынды.

– Бүгінгі кездесуіміз өте маңызды. Бұл біздің Гимэ музейі сияқты Луврмен де тығыз ынтымақтастықта болып, жұмыс істеуімізге ықпал етеді деп ойлаймын. Министр ретінде мен ғылыми ынтымақтастыққа мүдделімін. Бірлескен күш-жігеріміз жаңа, бұған дейін беймәлім болып келген тарихи деректер мен жәдігерлерді ашуға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Басым бағыт ғылыми зерттеулер болуы керек. Бұл екі ел үшін де үлкен мүмкіндіктер ашады. Қазақ мәдениеті халықаралық ғылыми қауымдастықтың назарына іліккен бірегей жәдігерлерге бай. Дегенмен, әлі ашылмаған қырлары да жетерлік, – дей келе министр Лувр мамандарын Қазақстанға келуге шақырды.

Өз кезегінде Сурая Нуджайым екі ел ынтымақтастығын кеңейтуге мүдделілік танытып, Луврдың мәдени мұраны реставрациялау және зерттеу саласында бірлескен зерттеулер жүргізуге мүдделі болатынын атап өтті.

– Ғылыми ынтымақтастықты дамыту біз үшін де өте қызықты. Бұл бағытта әріптестік орнатуға дайынбыз. Бірлескен зерттеулер Қазақстанның мәдениеті туралы білімімізді кеңейтіп, екі тарап үшін де маңызды жаңалықтар ашуға мүмкіндік береді, – деді Лувр мұражайының Ислам өнері департаментінің директоры.

Кездесуде Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сильван Гиоге екі ел үшін ғылыми ынтымақтастықтың болашағы зор сала екенін атап өтті. Сондай-ақ, Франция елшілігінің осы жобаларды жүзеге асыруға көмектесуге, ғылым, мәдениет салаларындағы әріптестікті дамытуға дайын екенін айтты.

Кездесуде Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени және ғылыми байланыстарды нығайтуға негіз болатын ынтымақтастық жөніндегі бағдарлама мен құжатты түбегейлі әзірлеу туралы шешім қабылданды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар