Freedom Inside '26

Қазақстан мен Чехия полициясы жеке деректерді заңсыз таратқан халықаралық топты ұстады

Қазақстан мен Чехия полициясы жеке деректерді заңсыз таратқан халықаралық топты ұстады
ІІМ

Қазақстан мен Чехияның құқық қорғау органдары бірлескен операция барысында Қазақстан және ТМД елдері азаматтарының жеке дерегін заңсыз таратумен айналысқан халықаралық қылмыстық топтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жедел іздестіру шаралары аясында күдіктілердің тұрғылықты мекенжайларында, соның ішінде Чехияның Усти-над-Лабем қаласында, Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында тінту жүргізілген.

Тергеу барысында көптеген цифрлық ақпарат тасымалдағыш, қолма-қол ақша тәркіленген.

ІІМ мәліметіне сүйенсек, күдіктілер қылмыстық әрекетін жүзеге асыру үшін Қазақстан және көршілес елдер азаматтарының жеке дерегі орналастырылған жабық интернет-ресурс құрған.

Тергеу деректеріне қарағанда, топ нақты міндеттерге бөлінген құрылым бойынша жұмыс істеген. Оның мүшелері қылмыстық схеманы үйлестіруден бастап, жеке мәліметті заңсыз анықтауға қатысты тапсырыстарды қабылдау және өңдеумен айналысқан. Ал заңсыз табысты жасыру және қолма-қол ақшаға айналдыру үшін дроп аккаунттар пайдаланылған.

ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікке ілінген адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазір тергеу жалғасып жатыр.