Мәжіліс «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтардың сапарлары мен болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды қабылдады,- деп хабарлайды Dalanews.kz
- Келісімге 2024 жылғы сәуірде Мемлекет басшысының Арменияға ресми сапары аясында қол қойылды. Құжатпен мемлекет азаматтарының елде 30 күн болғаннан кейін полицияда тіркелуі міндеті енгізіліп жатыр. Қазір олар полицияға бармай 90 күн бола алады. Бұл норманы енгізу көші-қон бақылауының тиімділігін арттырады. Жыл басынан бері Қазақстанға 12 мыңға жуық Армения азаматы келді. Сондай-ақ келісімде ұлттық заңнамаға сәйкес 90 күннен астам елді болу мүмкіндігі көзделген. Уақытша тұруға рұқсат алу жеткілікті. Осылайша, екі жақ үшін визалық режим жойылады. Бұл азаматтардың елге келу кезінде шығындарын азайтады, - деді құжат бойынша баяндама жасаған Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
Оның айтуынша, елге кіру үшін қажетті құралдар тізбесіне мыналар енгізіледі:
- Армения азаматтары үшін сәйкестендіру картасы;
- Қазақстан азаматтары үшін жеке куәлік.
- Осындай тәжірибе бар. Қазақстан азаматтары жеке куәлікпен Ресей мен Қырғызстанға еркін кіре алады. Бұл шара келу және болу тәртібін жеңілдетеді. Содай-ақ паспорт рәсімдеу шығынын азайтады, - деді министр.