Қазақстан мектептерінде телефон қолдануға шектеу қойылды

Қазақстан мектептерінде телефон қолдануға шектеу қойылды
pixabay.com

Қазақстан мектептерінде оқушылардың ұялы телефон қолдануына шектеу қойылды. Алайда үзіліс кезінде телефон пайдалануға рұқсат берілуі мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді.

«Ережеде балалардың оқу процесі кезінде ұялы телефондарды пайдаланбайтыны белгіленген. Оны тек қысқа мерзімді жоспарға, яғни оқу бағдарламасына сәйкес қажет болған жағдайда қолдануға болады», - деді Шынар Ақпарова.

Вице-министрдің айтуынша, үзіліс кезінде телефон қолдануға мүмкіндік бар. Алайда бұл мәселені әр мектеп өз ішкі тәртібімен реттейді.

«Бұл мүмкін. Бірыңғай талаптар әзірленді. Осы талаптар негізінде білім беру ұйымы барлық ұйымдастыру мәселесін өзінің ішкі тәртібімен реттейді», - деді ол.

Оқушылардың телефондарын қайда және кімге тапсыратынын да мектептердің өзі шешеді. Мәселен, құрылғылар сыныпта арнайы жерде немесе жеке жәшіктерде сақталуы мүмкін.

Бұл талаптар мектептердің ішкі ережесінде нақтыланады.