Қазақстан Еуропа емес

Dalanews 16 мам. 2016 23:04 835

Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев еліміздегі автокөлік жүргізушілеріне салынатын айыппұл көлемінің тым жоғары екенін айтып, ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовқа мәселені қайта қарауды ұсынды. Депутаттың айтуынша, ел тұрғындарының көбі 50 мың теңге жалақы алады, ал, салынатын айыппұл көлемі 90 мың теңгеге дейін жетеді дейді ол.

Мәжіліс депутаттарының алдында баяндама жасаған Ішкі істер министрі айыппұл көлемінің артуы жол ережесін бұзушылардың азаюына алып келгенін мақтанышпен айтты.

– Айыппұл – бұл жазалаудың бір түрі. Біз оның көлемін тәртіп бұзушының қалтасына қарап белгілемеуіміз керек. Негізгі принцип – тәртіп бұзбау, жол ережесін сақтау. Мен бір нәрсені айтқым келеді, біздің осы бағытта қолға алған шараларымыз жол көлік оқиғаларының азаюына алып келді. Үш жыл қатарынан жол апаттарының саны азайып келеді. Менің ойымша, бұл халықаралық тәжірибе. Көп ақша төлегісі келмесе ережені бұзбасын. Біз оның қалтасына қарамауымыз керек, керісінше ол заңға қарауы тиіс. Сондықтан, заң уақытыл қабылданды және нәтижесін берді деп есептейміз, –дейді Қ.Қасымов өз баяндамасында.

Ал, Тінікеев болса Қазақстан мен Еуропа елдерін салыстыруға болмайтынын, елдегі тұрғындардың жалақысының төмен екенін тілге тиек етті.

– Тұрғындардың жалақысы 50 мың теңге болған кезде айыппұл көлемі қалайша 90 мың теңгені құрауы керек? Айыппұл көлемін арттырғанға қуанып жатқандар үшін мен ұяламын. Сіздер Еуропаны мысалға алып отырсыздар, Еуропаның қай елінде жол полиция қызметкері талдың артында тығылып тұрады? Ұсақ заңсыздықты көрсе ол барып жай ескерту жасайды. Ал, бізде ауладан енді шығып, көлігінің шамын жағуды ұмытып кеткендерге жай ескерту жасаудың орнына аямай айыппұл төлетеді. Сіздер алдын алу керексіздер жазалай бермей, – деп депутат Тінікеев наразылығын білдірді.

 

Дереккөзі: sn.kz


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар