2025 жылы Global Passport Power Rank рейтингісі бойынша әлемдегі "ең мықты" паспорттар тізімінде Қазақстан 95 елдің арасында 52-орынға жайғасты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бір жыл бұрын еліміз 54-орында төбе көрсеткен еді.
Қазіргі таңда Қазақстан азаматтары визасыз 46 елге саяхаттай алады, ал тағы 50 мемлекетте визаны шекарадан өткен кезде рәсімдеуге мүмкіндік бар.
Сонымен бірге 102 елге бару үшін құжаттарды алдын ала рәсімдеу қажет. Осылайша, қазақстандық паспорттың мобильділік көрсеткіші 95 баллды құрады.
Биыл әлемдегі “ең мықты” паспорт Біріккен Араб Әмірліктеріне тиесілі болды. БАӘ азаматтары визасыз 133 елге бара алады.
Екінші орынды Испания иеленсе, үшінші орынға Финляндия, Франция, Германия, Бельгия, Италия, Дания, Нидерланд, Люксембург, Австрия, Португалия, Швейцария, Норвегия, Грекия және Ирландия секілді 14 еуропалық ел жайғасты.
Еске салайық, бұған дейін 2024 жылы Қазақстанда 1 488 308 паспорт беріліп, соңғы 30 жылдағы рекорд жаңартылғаны туралы жазған едік.
ІІМ өкілдерінің мәліметінше, мұның басты себептерінің бірі – балаларға арналған паспорттарды рәсімдеу құнының екі есеге төмендеуі.
“Қазақстан азаматтарының ішінде ең жас паспорт иесі – небәрі 10 күндік сәби, ал ең үлкені – 109 жастағы қария. Реадмиссия тәртібімен полиция шетелде құжатсыз қалған 70 қазақстандықты елге қайтарды. Сонымен қатар 41 шетелдік IT маманына жеңілдетілген тәртіппен Қазақстанда тұруға рұқсат берілді”, – деп хабарлады ведомство өкілдері.