Қазақстан экономикасының биылғы қаңтар-шілде айларындағы өсіміне қатысты ресми деректер жарияланды. Мәліметтерге сәйкес, сыртқы нарықтардағы тұрақсыздық пен түрлі экономикалық сын-қатерлерге қарамастан, ел экономикасы тұрақты өсім көрсетіп отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ұлттық статистикаға сәйкес, 2026 жылдың алғашқы жеті айында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 4,1%-ға өсті. Бұл көрсеткіш бірінші жартыжылдықтағы деңгеймен шамалас болғанымен, сарапшылар оны экономика тұрақтылығының белгісі ретінде бағалайды.
Мамандардың айтуынша, мұнай өндіру көлемі 8,9%-ға төмендеп, әлемдік нарықтарда құбылмалылық сақталғанына қарамастан, ЖІӨ өсімі бәсеңдеген жоқ. Бұған негізгі үлесті шикізаттық емес сектор қосты. Аталған саланың өсімі 5,4%-ды құрады.
Өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамып жатыр
Экономиканың нақты секторындағы ең жоғары өсім өңдеу өнеркәсібінде тіркелді. Саладағы өндіріс көлемі бір жылда 9%-ға артқан.
Өсім көрсеткен негізгі бағыттар:
машина жасау – 22%;
тамақ өнімдерін өндіру – 13,9%;
химия өнеркәсібі – 26,9%;
фармацевтика өндірісі – 38,5%;
құрылыс материалдарын шығару – 9,4%;
дайын металл бұйымдарын өндіру – 35%.
Сарапшылар мұны өндірістік әлеуеттің күшеюімен және өңдеуші секторға инвестициялардың артуымен байланыстырады.
Шикізаттық емес салалар экономиканың қозғаушы күшіне айналуда
Өңдеу өнеркәсібінен бөлек, бірқатар басқа салалар да оң динамика көрсетті:
құрылыс – 15,3%;
көлік және қоймалау – 7,4%;
сауда – 5,9%;
ауыл шаруашылығы – 5%;
байланыс саласы – 4,3%.
Экономистердің пікірінше, соңғы жылдары ауыл шаруашылығы, логистика және өндіріс салаларына инвестиция көлемінің артуы жаңа жобалардың іске қосылуына мүмкіндік берді. Нәтижесінде шикізаттық емес секторлардың экономикадағы үлесі күшейіп келеді.
Мысалы, өткен жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру саласының ЖІӨ құрылымындағы үлесі 8%-дан төмен түскен.
Экономиканың мұнайға тәуелділігі азайып келеді
Бұрын Қазақстан экономикасының өсімі көбіне шикізат нарығындағы жағдайға байланысты болатын. Мұнай өндірісі төмендесе, ЖІӨ өсімі де баяулап, ал өндіріс артса, экономика қарқын алатын.
Қазіргі статистика бұл тәуелділіктің әлсіреп келе жатқанын көрсетеді. Сарапшылар мұны экономиканы әртараптандыру саясатының нәтижесі деп бағалайды.
Өнеркәсіптік әлеуеттің күшеюі, даму институттарының белсенді жұмысы, көлік инфрақұрылымының жаңаруы, отандық өндірушілер мен шағын және орта бизнесті қолдау шаралары экономиканың жаңа өсім нүктелерін қалыптастырып жатыр. Сонымен қатар инвестициялар да барған сайын шикізаттық емес салаларға бағытталуда.
Осының нәтижесінде Қазақстан экономикасы сыртқы факторларға төзімді болып, тұрақты өсім траекториясын сақтап келеді.