Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) Қазақстан экономикасының 2026 жылғы өсіміне қатысты жаңа болжамын жариялады. Ұйымның мәліметінше, еліміздің жалпы ішкі өнімі 2026 жылы 4,6%-ға, ал 2027 жылы 4,4%-ға өседі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы ХВҚ жариялаған «Әлемдік экономиканың даму перспективалары» (World Economic Outlook) баяндамасында айтылған.
ХВҚ сарапшыларының пікірінше, қазіргі таңда әлемдік экономикаға қарама-қарсы бағытта әсер етіп отырған екі негізгі фактор бар. Біріншісі – Таяу Шығыстағы соғыс салдарынан туындаған ұсыныс тапшылығы. Бұл әсіресе энергия ресурстарын импорттайтын және экономикасы әлсіз мемлекеттердің өсіміне кері ықпал етіп отыр.
Екінші фактор – жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуына байланысты жаһандық технологиялық циклдің жеделдеуі. Сарапшылардың айтуынша, технологиялық өндіріс тізбегіне кіріккен елдерде, тіпті энергия импорттайтын мемлекеттердің өзінде де экономикалық белсенділік жоғары деңгейде сақталуда.
Ал технологиялық өндіріс тізбегіне аз қатысатын әрі энергия импорттайтын көптеген төмен табысты елдерде экономикалық өсім баяулауы мүмкін.
ХВҚ болжамынша, әлемдік экономика 2026 жылы 3%-ға, ал 2027 жылы 3,4%-ға өседі. Сонымен бірге жаһандық инфляция 2025 жылғы 4,1%-дан 2026 жылы 4,7%-ға дейін жоғарылап, кейін 2027 жылы 3,9%-ға дейін төмендейді.
Сарапшылар мұнай бағасының да айтарлықтай өзгеретінін болжайды. ХВҚ есебіне сәйкес, мұнай бағасы 2026 жылы 31,8%-ға өссе, 2027 жылы 11,8%-ға төмендеуі мүмкін.
Ал Таяу Шығыс пен Орталық Азия өңірі бойынша экономикалық өсім 2026 жылы небәрі 0,7% болады деп күтілуде. Алайда 2027 жылы өңір экономикасының өсімі 6,5%-ға дейін жеделдейді.