Қазақстан Алматыда ашылатын БҰҰ-ның өңірлік орталығын қаржыландыру үшін жыл сайын 3 миллион доллар бөлетін болды. Тиісті келісімді Сенат депутаттары ратификациялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Орталық Алматыда ашылады
Сенат отырысында Қазақстан үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Алматы қаласында БҰҰ-ның өңірлік орталығын құру туралы келісім мақұлданды. Құжатқа сәйкес, Қазақстан қабылдаушы тарап ретінде 2025-2029 жылдар аралығында жыл сайын ерікті жарна түрінде 3 миллион доллардан бөліп отырады.
Қаражат қайда жұмсалады?
Бөлінетін қаржы орталықты заманауи материалдық-техникалық құралдармен жабдықтауға, IT-инфрақұрылым мен байланыс жүйелерін қамтамасыз етуге, сондай-ақ ағымдағы операциялық шығындарды өтеуге бағытталады. Сонымен қатар бөлінетін қаражаттың 13 пайызы БҰҰ тарапынан көрсетілетін әкімшілік сүйемелдеуге жұмсалмақ.
Ғимарат кейін мемлекетке қайтарылады
Келісім шарттарына сәйкес, бағдарламаның мерзімі аяқталғаннан кейін орталық орналасқан ғимарат толықтай Қазақстан үкіметінің қарамағына қайтарылады. Айта кетейік, Алматыда БҰҰ-ның өңірлік орталығын құру бастамасы ұйымның Орталық Азия мен Ауғанстан бағытындағы қызметін үйлестіруді күшейтуге бағытталған.