Біз әлемді бейбітсүйгіштігімізбен мойындаттық, енді осыны ынтымақпен ұстап тұруымыз керек!
Бұл менің осыдан оншақты жыл бұрын жазған сөзім еді. Бүгінде бұл сөзімнің өзектілігі артпаса, кеміген жоқ. Қазір әлемде сенім азайып, қақтығыстар көбейіп, бейбітшілік үні естілмей бара жатқан заманда Қазақстан тұрақтылық пен келісімнің үлгісін көрсетіп отыр. Біздегі этносаралық және дінаралық келісім ешқандай құр ұран емес, шынайы мемлекеттік саясат пен күнделікті мәдениеттің ажырамас бөлігі болуға тиіс.
Ал кеше ғана Алматыға ат басын тіреген БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш еліміздің ядролық қарудан өз еркімен бас тартуын ерекше атап өтті. Бұл қадам Қазақстанды жаһан алдында бейбітсүйгіш ел ретінде танытып, ұлттық бірегейлігіміздің бір бөлігіне айналды. Манағы менің сөзім есіңізде болар?
«Қазақстан - парасаттың үні, ол қақтығыстар даңғазасы жиі тұншықтырып жатқан әлемде ерекше естіледі», - деді Бас хатшы.
Бүгінгі таңда еліміз сенімді серіктес әрі келіссөздерге арналған диалог алаңы ретінде бағаланып отыр. Бұл жетістік тек сөзбен емес, іспен дәлелденді.
Сондықтан да БҰҰ Бас хатшысы арнайы келіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Бұл - Қазақстанға деген құрмет пен сенімнің белгісі. Ал сенімнің халықаралық саясаттағы, тіпті адамзат арасындағы ең тапшы дүниеге айналған дәуірінде мұндай мәртебе аса құнды.
Қазақстанның сыртқы саясаттағы сол сенімі нығая берсін дегеннен басқа айтар жоқ!