Әлемнің елуден астам елінен 100-ден астам делегация қатысқаны туралы бұған дейін де талай рет айтылып, талай рет жазылды. Одан бөлек, дүниежүзіне белгілі 188 түрлі БАҚ өкілі келіп, бүкіл әлемге өз тілдерінде ақпарат таратты. Америкалық The National Interest газетіне Қазақстан Президентінің «Қазақстан: Батыс пен шығыс арасындағы көпір» атты мақаласы жарық көрді...
Діндер съезі болған соң, әрине дін ғұламалары келетіні анық қой. Мәселен, 7 миллиард халықтың сенімін арқалаған ислам, христиан, буддизм, иудаизм, даосизм, зороастризм, синтоизм дінінің өкілдері бар қонақтар арасында.
Ең мәртебелі қонақтардың қатарында Рим Папасы да болды. Ватиканның және Католик шіркеуінің басшысы, Рим Папасы Францискті Мемлекет басшысы әуежайдан күтіп алды. Бұл оның Қазақстанға жасаған тұңғыш сапары екен. Әрине, бұл сапардың мән-маңызы бөлек, салмағы да ауыр. Өйткені бұл әлемге бейбітшілікті үндеген, тыныштықты ту еткен үлкен диалог алаңы. Тағы бір мәртебелі қонақ – Көне әл-Азһар ислам университетінің Бас имамы, доктор, Шейх Ахмад ат-Тайеп. Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кирилл де бар мәртебелі меймандар арасында.
Съезд өткізу кімге, не үшін керек? Қазақстанға берер пайдасы бар ма? Әрине, бәріміздің алдымыздан шығатын сұрақ осы. Сауалды Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің магистранты Дәурен Мақсатұлына да жолдап көргенбіз.
– Қазір бүкіл әлем өте қиын кезеңді бастан кешіп отыр. Мәселен, үлкен державалар арасында қақтығыс, соғыс болуда. Гоесаяси жағдай тұрақсыз. Ал кейбір мемлекеттерде аштық күшіне мініп тұр. Адамдар ішер ас, киер киімге жарымай отыр. Кейбір елдер табиғи апаттардан зардап шегуде. Қазақстанда 7-рет өткізіліп отырған діндер съезі осы әлемдік түйткілдердің алдын алу, шешу жолдарын ұсынып, ортақ диалогқа келуді көздейді. Былайша айтқанда, адамзатқа бітімгершілік алаңын ұсынып отыр. Бұл бұрынғы бабалардан қалған жол, дала дәстүрі, – деді Дәурен Мақсатұлы.
Спикердің айтуынша, бұл съезд Қазақстанға көптеген мүмкіндіктер береді. Ең алдымен, әлем алдында Қазақстан бейбітшілікті, тыныштықты сүйетін мемлекет ретінде танылды. Екіншіден, күллі адамзат баласына рухани азық: кісілікті сақтауды, адамгершіліктің жарқын үлгісін көрсетеді.
Діндер съезінің Қазақстанда өткізілуінің әртүрлі себептері бар. Мысалы, қазақ жері сан түрлі діннің тоғыстан рухани астанасы болған мекен. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы да айтты.
– Қазақстан аумағы барлық әлемдік діннің киелі орындары көрініс тапқан карта іспетті. Мұсылмандар Арыстанбабтың, Қожа Ахмет Ясауидің кесенелеріне, Бекет атаның жерасты мешітіне және басқа да қасиетті жерлерге барып, зиярат етеді. Таразда VIII ғасырда несторианшыл христиан шіркеуінің іргетасына салынған ең көне мешіт бар, – деп Съезде сөйлеген сөзінде Президент тарихтан да сыр шертті.
Бұл жолғы Съездің мәртебелі қонақтарының бірі Рим Папасы екенін сөз басында айтқанбыз. Ватиканның және Католик шіркеуінің басшысы әңгімені Абайдан бастады. Әрине, қазақ үшін Абайдан ұлы, Абайдан ғұлама ешкім жоқ. Оның діни терең философиясына бойлау ғылыми ізденісті қажет ететін дүние екені даусыз.
– Қазақ жерінің ең атақты ақыны, әйгілі композиторы Абай әлемге діндарлыққа толы туындыларды қалдырды. Біз бұл туындылардан шабыт аламыз. Абай бізге «Өмірдің сұлулығы неде?» деген сауалды да қалдырды. Оның жауабын мәңгі іздеуге болады. Біз руханиятты насихаттауымыз керек. Абай жазғандай, жан мен айқын ойды сақтау керек, – деді Рим папасы өз сөзінде.
Съезге келген қонақтардың бәрі Қазақстанда өтіп жатқан діндер съезінің адамзат баласына берер пайдасының мол екенін әртүрлі мысалдармен жеткізді. Бәрінің сөзінің тоқайласқан тұсы: адам өмірге ішіп-жеу үшін ғана келмейді, рухани кемелденбей өмірдің мәні болмайды дегенге саяды. Ал рухани кемелдену дегеніміз – адам жанының бай болуы, адамзат баласы бір-бірісіне кісілікпен қарауы, адамгершілікпен қарым-қатынас жасауы, бейбіт, тыныш өмір сүруі екенін Съездге келген қонақтар өз ұғымдарымен жеткізді.