Олжас Бектенов Ұлытау облысында шахтадағы апат салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, үкіметтік комиссияның жұмысы туралы есепті тыңдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Отырыста Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
«Үкімет атынан шахтадағы апат салдарынан қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Оқиға орнында тиісті қызметтер жұмыс істеп жатыр»,деп атап өтті Олжас Бектенов.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен апаттың себептерін тексеру және зардаптарын жою бойынша үкіметтік комиссия құрылды. Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың есебі тыңдалды.
«Оқиғанының мән-жайын мұқият тексеріп, зардаптарын жою керек. Қанат Алдабергенұлы, жүргізіліп жатқан жұмыстар барысы туралы үнемі баяндап отырыңыз»,деп атап өтті Премьер-министр.
Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысында шахта опырылып, жеті қызметкер қаза тапқанын хабарлаған едік.
Жаңаарқа ауданындағы "Қазақмыс" корпорациясына қарасты "Жомарт" кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылды. Бүгін құтқарушылар жеті жұмысшының денесін тапты.
Кабельдер үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс та үзілді. Авариялық-құтқару жұмыстарына Ұлытау және Қарағанды облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері және ТЖМ психологтары жұмылдырылды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шахтадағы жағдайдың себептерін тергеу және зардап шеккендерге көмектесу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.
Бұл дерекке қатысты Полиция департаменті мәлімдеме жасады.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бойынша іс қозғалды. Оқиға орнында Ұлытау облысының полиция департаментінің жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
"Жомарт" кеніші - Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. "Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper.