Үкіметтік комиссия Ұлытау облысында орналасқан "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-ның "Жомарт" шахтасындағы апаттың себептерін зерттеп, тергеу жүргізді. Тергеу нәтижелері туралы мәліметті премьер-министр Олжас Бектенов депутаттарға берген жауабында баяндады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Апаттың жан-жақты әрі сапалы зерттелуі үшін комиссия құрамында әртүрлі бағыттар бойынша сегіз қосалқы топ құрылып, ғылыми-зерттеу институттарының, зертханалардың және мамандандырылған ұйымдардың сарапшылары тартылған.
Апаттың негізгі себебі қандай?
Тергеу қорытындысы бойынша, апатқа шахтадағы тау-кен қазбаларында метанның ауа қоспасының тұтануы себеп болған. Бұл жарылыстан қорғалмаған электр жабдығын қолданудың салдарынан орын алған.
Сонымен қатар премьер-министр қосымша бірқатар қауіп факторларын атады:
• Метанның қауіпті деңгейде жиналуы. Бұл кен орнының тектоникалық бұзылысына байланысты, жарықтар арқылы газдың кенет бөлінуіне әкелген.
• Желдету жүйесінің тиімсіздігі.
• Метан құрамына уақтылы газдық бақылау жүргізілмеуі.
• Қауіпсіздік шараларына жауапты лауазымды тұлғалардың тиісті бақылауды қамтамасыз етпеуі.
Комиссия жұмыс берушіні 100% кінәлі деп таныды. Осыған байланысты ішкі істер органдары қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
"Қазақмыс" шахтасында қанша кенші қаза тапты?
Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысында шахта опырылып, жеті қызметкер қаза тапқанын хабарлаған едік.
Жаңаарқа ауданындағы "Қазақмыс" корпорациясына қарасты "Жомарт" кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылды. Бүгін құтқарушылар жеті жұмысшының денесін тапты.
Кабельдер үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс та үзілді. Авариялық-құтқару жұмыстарына Ұлытау және Қарағанды облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері және ТЖМ психологтары жұмылдырылды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шахтадағы жағдайдың себептерін тергеу және зардап шеккендерге көмектесу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.
Бұл дерекке қатысты Полиция департаменті мәлімдеме жасады.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бойынша іс қозғалды. Оқиға орнында Ұлытау облысының полиция департаментінің жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
"Жомарт" кеніші - Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. "Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper.
Кейінірек "Қазақмыс" Ұлытау облысындағы апатты қаза тапқан кеншілердің тізімін жариялады.
Қаза болған кеншілердің тізімі:
- Ақшалов Қайрат Аманбекұлы, 1975 жылы туған, насос машинисі;
- Жакубаев Ардақ Боранбайұлы, 1998 жылы туған, жерасты тау-кен шебері;
- Жұмадұллаев Бақытбек Нышанұлы, 1975 жылы туған, жерасты кеншісі:
- Кенжебеков Орынбек Әмірханұлы, 1991 жылы туған, тиеу-жеткізу машинасының машинисі;
- Молдабеков Ғалымжан Есенбекұлы, 1978 жылы туған, бұрғылаушының көмекшісі,
- Нұрұлдаев Олжас Жағалбайұлы, 1979 жылы туған, жерасты учаскесінің энергетик,
- Рожков Константин Владимирович, 1992 жылы туған, жерасты тау-кен жабдықтарының электр слесарі.