Ұлытау өңіріндегі ТЖ орнында үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Ұлытау облысындағы ТЖ орнында вице-премьер Қанат Бозымбаевтың басшылығымен үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр.
Комиссия құрамында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов, ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов, денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан, ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының міндетін атқарушы Рашид Дубаев бар.
Оқиға орнында ТЖ қызметі, ІІМ және Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің шұғыл тергеу тобы, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.
Комиссия мүшелері оқиға орнында болып, тергеу барысымен танысты. Қаза тапқандардың отбасыларына бірінші кезекте көмек көрсету жөнінде тапсырма берілді.
Әрі қарай Премьер-министрдің орынбасары Штаб отырысын өткізіп, қаза тапқандардың туыстарымен кездеседі.
Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысында шахта опырылып, жеті қызметкер қаза тапқанын хабарлаған едік.
Жаңаарқа ауданындағы "Қазақмыс" корпорациясына қарасты "Жомарт" кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылды. Бүгін құтқарушылар жеті жұмысшының денесін тапты.
Кабельдер үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс та үзілді. Авариялық-құтқару жұмыстарына Ұлытау және Қарағанды облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері және ТЖМ психологтары жұмылдырылды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шахтадағы жағдайдың себептерін тергеу және зардап шеккендерге көмектесу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.
Бұл дерекке қатысты Полиция департаменті мәлімдеме жасады.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бойынша іс қозғалды. Оқиға орнында Ұлытау облысының полиция департаментінің жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
"Жомарт" кеніші - Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. "Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper.