2026 жылы «Қазақмыс» геологиялық барлау жүйесін жаңарту бойынша ауқымды бағдарламаны іске қосады. Бұл геологиялық-маркшейдерлік жұмысты цифрландырумен қатар Жезқазған қаласында заманауи инфрақұрылым құруды қамтиды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мұндай шешім компанияның бес кенішінде Micromine бағдарламалық жасақтамасын қолданып жүргізілген ішкі талдау мен тәуелсіз аудит қорытындысы бойынша қабылданды. Тексеру нәтижесінде қолданыстағы құралдардың толық көлемде пайдаланылмайтыны, ал есептеу көп жағдайда 2D форматында жүргізілгені анықталды. Бұл модельдеу мен болжау мүмкіндігін шектейді.
2026 жылы компания толыққанды үш өлшемді геологиялық модельдеуге көшеді. Цифрландыру бағдарламасы аясында шамамен 400 маманды Micromine Origin & Beyond жүйесімен жұмыс істеуге оқыту жоспарланған. Ал бейінді мамандар үшін Micromine Advance жүйесі бойынша тереңдетілген курстар ұйымдастырылады. Сонымен қатар кен орындарының литологиялық және гидрологиялық модельдері жасалуда. Бұл тек кен қабаттарының геометриясын ғана емес, сондай-ақ күрделі табиғи факторларды да ескеруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Geobank – геологиялық деректерді сақтауға және талдауға арналған орталықтандырылған жүйе енгізілуде. Бұл барлық активтер бойынша бірыңғай ақпараттық база қалыптастырып, жоспарлау сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша компания кен қорын есептеу дәлдігін арттырып, өндіруді жоспарлау кезінде тәуекелдерді азайтуды және геологиялық модельдеу үдерісін заманауи халықаралық стандартқа сәйкестендіруді көздейді.
Цифрлық өзгерістер жаңа инфрақұрылым құрумен толықтырылады. Жезқазғанда жалпы ауданы шамамен 14 мың шаршы метр болатын геологиялық кластер құрылуда. Ол қуаты 200 мың қума метрге дейінгі заманауи керн сақтау қоймасын, геоминералогиялық және геофизикалық зертханаларды, дәрісханаларды және мұражай аймағын қамтиды.
Керн сақтау қоймасын басқару ALS халықаралық компаниясымен (Австралия) ынтымақтастықта жүзеге асырылады, ал жобаның білім беру компоненті Colorado School of Mines университетімен (АҚШ) серіктестік аясында іске асырылады. Қазірдің өзінде нысандардың бір бөлігінің құрылысы аяқталды, ал кейбір элементтерді аяқтау 2026 жылдың III-IV тоқсандарына жоспарланған. Кластер аясында шамамен 200 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде.

Осылайша геологиялық барлаудың толық циклы қалыптасады – кернді сақтау мен зерттеуден бастап цифрлық модельдеуге және маман даярлауға дейінгі үдерістің барлығы қамтылады. Заманауи инфрақұрылым геологиялық материалдарды жүйелеуге мүмкіндік береді, ал үш өлшемді модельдеуді енгізу өндірісті нақты жоспарлауға және минералдық-шикізат қорының тұрақты дамуына жол ашады.
Ондаған жылдар бойы игеріліп келе жатқан негізгі кен орындары бар компания үшін геологиялық қызметті жаңарту стратегиялық бағытқа айналады. Үш өлшемді модельдеуге көшу және геокластер құру өндірісті жоспарлау тәсілін бірнеше жылға алға жылжытады. Геологиялық барлау анағұрлым дәлірек, болжамды және технологиялық сипатқа ие болады.
