«Қазақмыс» алдағы жылдарға арналған ресурстық база мен өндірістік бағдарлама әзірлеуде

Ақтоты Жапатова 27 ақп. 2026 12:00

«Қазақмыста» 2026-2028 жылдарға арналған минералдық-шикізат базасын дамыту және өндірістік қызмет жоспары бекітілді. Компания қорды толықтыру және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда тұрақты өндірісті қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бүгінгі таңда кеннің жиынтық қоры 551,8 млн тоннаны құрайды. Бұл қор өндірісті шамамен 16 жыл қамтамасыз етуге жетеді деп бағалануда. Осыған байланысты ресурстық базаны кеңейту және кен орындарының пайдалану мерзімін ұзарту басым бағытқа айналуда.

2026-2028 жылдар аралығында кен қоры 365 млн тоннаға артады деп күтілуде. Сондай-ақ мыстың баланстық қоры 2 328 тоннаға ұлғаяды деп болжануда.

Барлау және бағалау жұмысы Жезқазған, Қарағанды және Балқаш өңірлерінде, сондай-ақ қолданыстағы нысандардан 100-200 шақырым радиустағы жаңа учаскелерде жүргізілуде. Мұндай әдіс игерілген аумақтарға жақын жерде инфрақұрылымды дамытуға және инвестициялық тәуекелді төмендетуге мүмкіндік береді.

Қорды ұлғайту жұмысы өндірістік бағдарламамен тікелей байланысты. 2026 жылы 31,7 млн тонна кен өндіру, 33,1 млн тонна кен өңдеу және 254,6 мың тонна мыс концентратын шығару жоспарланған.

Сонымен қатар даму және жаңғырту жобалары іске асырылуда. Жезқазған өңірінде «Жыланды» және «Жомарт» кеніштерін кеңейту жұмысы жалғасуда. Жезқазған кен орнында (ШЖК, ОЖК, БЖК) инженерлік коммуникацияларды көшіру және геологиялық барлау жұмысын ескере отырып, өндіріс көлемі тұрақтандырылуда.

«Құсмұрын» кенішінде жұмысты қайта бастау қарастырылуда, бұл Карағайлы фабрикасын алдағы 10 жылда шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Нұрқазған» кенішін дамыту жұмысы жүргізілуде, Шатыркөл-Жайсаң кластерінің төменгі қабаттарында қорларды ашу жұмыстары жалғасуда.

Балқаш өңіріндегі «Қоңырат» кенішінде жұмысты жаңғырту жоспарланды. 2022-2025 жылдары жүргізілген геологиялық барлау жұмысының қорытындысында Саяқ кен орнында 10 млн тонна кен қоры расталды. Бұл оның пайдалану мерзімін 2031-2042 жылдарға дейін ұзартуға мүмкіндік береді.

Жоба тек өндіру көлемін қамтамасыз ету үшін ғана емес, сонымен қатар тау-кен жұмысын тұрақтандыруға бағытталған. Геомеханикалық тұрақтылық пен жабдықты жаңғырту ерекше назарға алынуда, бұл бірқатар кен орындарының пайдалану мерзімін 2032-2052 жылдарға дейін ұзартуға мүмкіндік береді.

Осылайша, компания дамудың кешенді моделін құрып, қорын толықтырады, қолданыстағы қуатын жаңартады және жаңа нысандарды іске қосады. Қорды арттыру және кеніштерді жаңғырту жұмысы болашақта кен өндіру және өңдеу көлемін тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік береді. Өндірістік бағдарлама кәсіпорындардың ондаған жылдардағы тұрақты жұмысын есепке ала отырып құрылады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove