"Ақ жол" фракциясы мүшелері премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады. Олар көтерген негізгі мәселе отандық кино өндірісіне қатысты,- деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутат Қазыбек Исаның айтуынша, кейінгі бір жылда Мәдениет саласы наразылықтар шеруіне, ақпарат саласы соттасу алаңына айналған.
Соңғы 6 айдың ішінде мәдениет қайраткерлері Мемлекет басшысы мен Парламенттен көмек сұрап, 6 рет ашық хат жазған.
"12 қарашада екі Еңбек Ері - Асанәлі Әшімов пен Дулат Исабеков бастаған, Халық әртістері мен Халық жазушылары қостаған әйгілі мәдениет қайраткерлері кино саласындағы қалыптасқан ауыр ахуалға наразылық білдіріп, Мемлекет басшысынан жағдайды бақылауға алуды сұрап, тағы да Ашық хат жазды. Онда не дейді?
"Кино өндірісіне жауапты орындарда бұл салаға қатысы жоқ бөгде адамдар отыр, жемқорлық жайлаған киноға бөлінген миллиардтаған теңге талан-таражға салынуда. Бұл саладағы деградацияны тоқтатпаса, жағдай қиындайтын түрі бар. Мәдениет министрлігі қазақ киносындағы жағдайды реттемек түгілі, басын алып қашып отыр" - дейді белгілі өнер тарландары.
Ашынған Ашық хаттар Президентке қайта-қайта жазылып жатса да, Үкімет үндемей отыра беруге үйренген шығар, ал халық өкілі болғандықтан халық наразылығын парламентте көтеру біздің негізгі міндетіміз", - деді депутат.
Қазыбек Иса "Қазақфильмге" қатысты мәселені көтерді.
"Мәдениет министрлігі өздерінің қателіктерінен шыққан дауды тезірек шешу орнына, Президентке талай үндеу жасалып жатса да, соңғы үндеуден бері он күннен асса да, министр түгілі, министрліктің бір өкілі де "Қазақфильмге" бас сұқпаған әлі... Бұл Мәдениетті қолдауға баса назар аударып отырған Президент Тоқаевтың Әділетті Қазақстан саясатына қарсы жасалып отырған саботаж емес пе?!.
Хатта жазылғандай, "Қазақфильм" киностудиясында да, Ұлттық киноны қолдау орталығында – бірде-бір кино саласының маманы жоқ. Бұл "ауруханада бір де бір дәрігер жоқ" дегенмен бірдей сұмдық жағдай емес пе?! Сонда біз Ұлттық киномыздың тағдырын кімдердің қолына тапсырып отырмыз?!" - деп ашынды ол.
"Ақжол" партиясының мүшесі "Қазақфильмді" қолмен құртып жатырмыз" деген пікірде.
"Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Үкімет төрағасы Н.Оңдасынов ашқан "Қазақфильмді" бейбіт кезде біз өз қолымызбен құрту үстіндеміз.
"Мәдениетті қорғап қалу үшін соғысып жатырмыз" деген екен данышпан Черчилль соғыстың кезінде. Ал қазір қазақ мәдениет қайраткерлері бейбіт кезеңде мәдениетімізді қорғап қалу үшін күресіп жатыр? Кімнен қорғау үшін күресуде? Ашық хаттардың ашық жазуынша Мәдениетімізді мәдениеттен хабарсыз мәдениет басшыларынан қорғау керек!
Сонда ғана Әділетті Қазақстанда өмір сүріп жатқанымызға ел сене бастайды.
Үкімет бұл мәселеге шұғыл араласып, жағдайды тұрақтандыруы тиіс!" - деді ол.
Айта кетейік, "Қазақфильм" төңірегінде дау жиі шығады. Бұған дейін анимация бөлімінің бірнеше қызметкері 7 ай бойы жалақы алмағанын, "Алтын адам" жобасы үшін де ақы алмағанын, Үкімет бекіткен 500 миллион теңгенің жобасы басталмағанын айтып шағымданды.
Артынша Азамат Сатыбалды "Қазақфильм" президенті қызметінен кетті.