Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Азамат Сатыбалдының отставкасынан кейін «Қазақфильм» киностудиясының жағдайы жақсарғанын, қаржылық көрсеткіштері оңала бастағанын айтты. Бұл туралы министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте кеше мәлімдеді. Dalanews.kz тілшісі Қазақфильм төңірегіндегі дауға қатысты пікір білдірді.
Журналистер министрден қазіргі уақытта «Қазақфильмді» орыс тілді басшы басқарып отырғанын, бұл жағдайдың көптеген киногерлер арасында наразылық тудырып отырғанын айтты. Алайда Балаеваның айтуынша, киностудияны кәсіби менеджер басқаруда, соның арқасында студия жұмысы реттеліп келеді.
«Киностудияны актер не режиссер емес, нақты менеджер басқаруы керек. Қазір шу шығарып жүрген кейбір азаматтар кезінде «Қазақфильмде» жұмыс істеген, бірақ киностудияның дамуына елеулі үлес қоспаған. Қазір жоқ жерден дау жасап отыр. Азамат Сатыбалды кеткеннен кейін мен киностудияның менеджментін жеке бақылауыма алдым. Содан бері қаржылық жағдай жақсара бастады, табыс түсе бастады», – деді министр.
«Қазақфильм құлдырады» деген – асыра сілтеу
Министрдің айтуынша, «Қазақфильм құрып кетті», «молаға айналды» деген пікірлер шындыққа жанаспайды. Президенттің қол қойған арнайы заңына сәйкес, енді киностудия кино саласына бөлінетін қаражаттың 30 пайызын тікелей ала алады, бұл өз кезегінде қаржылық дербестік беріп, жаңа фильмдер түсіруге жол ашады.
«Көпшіліктің ойынша, бұл 30%-ды алған соң бұрынғыдай ақшаны оңды-солды шашады. Бірақ олай болмайды. Бұл – реттелген әрі бақыланатын қаржы», – деді Балаева.
Министр кімді меңзеуі мүмкін?
Министрдің айтқан азаматтарының бірі — режиссер және актер Ерлан Төлеутай болуы мүмкін.
Ол «Қазақфильм» киностудиясының қазіргі жұмысын өткір сынға алып, мекеме режимдік нысанға айналып бара жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды.
Фестивальге автор емес, әкімшілік барады
Төлеутайдың айтуынша, мәселе «Әбіл» фильмі шетелдік кинофестивальдерге қатысқан кезде басталған. Айдар Омаров киностудияға басшы міндетін атқарушы болып келгенге дейін, фестивальге баруға қажетті құжаттарды рәсімдеу, виза алу сияқты істермен «Қазақфильм» мен Мәдениет министрлігі айналысқан. Ал Омаров келгеннен кейін, фильм авторлары өз қаражатымен баруға мәжбүр, ал мемлекет қаржысына киноға қатысы жоқ қызметкерлер — вице-президент, менеджер, бухгалтер сияқты адамдар шетелге барып жүрген.
«2024 жылы Франция, АҚШ, Бусан, Нидерландтағы фестивальдерге «Қазақфильм» атынан тек орысша сөйлейтін, ағылшынша білмейтін, киноға мүлде қатысы жоқ қызметкерлер барып келді. Ал фильмді жасаған авторлар бұл сапарлардан әдейі тыс қалдырылып отыр. Бұл әділет пе?» – деп сұрайды Ерлан Төлеутай Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға.
Ол сондай-ақ, Айдар Омаровты осы қызметке әкелген – министр Балаеваның өзі екенін айтып, жаңа басшыны әлі күнге дейін тағайындамағанын сынға алды.
Киногерлер наразылығы күшейіп келеді
Төлеутайдың сөзінше, Айдар Омаровпен кездесу мүмкін емес – шақырған жиындарға келмейді, үнемі кейінге қалдырады. Оның мұндай жабық әрекеттері ұлттық кино саласына зиян келтіріп жатқанын айтты.
«Ол киногерлердің ашуын қоздырып, бізді наразылық акциясына итермелеуде. Біз мұндай әділетсіздікке ешқашан төзбейміз. Қазақстанның Киногерлер одағы ұлттық киноның ордасы – «Қазақфильмдегі» жағдайды жіті бақылап отыр және өз наразылығын ашық білдіреді», – деді режиссер.
Төлеутай қазіргі таңда «Әбіл» фильмін Еуропаға таныстырып жүргенін, аталған фильмде режиссер Елзат Ескендірдің жетекшілігімен басты рөлде ойнағанын айтты.
Еске салайық, бұған дейін фильм ұжымы халықаралық фестивальге бару үшін Франциядан виза ала алмай жатқанын айтып, әлеуметтік желіде дабыл қаққан. Қоғамдық резонанстан кейін түсірілім тобына виза берілген.
Айта кетейік, Айдар Омаров 2024 жылдың тамызында «Қазақфильмге» уақытша басшы болып тағайындалған. Қараша айында ол тағы бір дауға қалған — киностудияға тиесілі ғимаратты сатпақ болды деген ақпарат тараған. Осы оқиғаға байланысты киногерлер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық үндеу жолдаған.